Таразда Абайдың 180 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 сәуір, 2025
- 261
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Облыстық ардагерлер ұйымы бірлесіп, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай «Абай - дана, Абай - дара» және «Сен Абайды оқыдың ба?» атты дөңгелек үстел өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шараның мақсаты – ұлы ақын Абайдың шығармашылығын насихаттау және Абайдың өлеңдері мен қарасөздері арқылы қазіргі ұрпақты адамгершілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеу болды.
Шараға әртүрлі сала мамандары, ғылым мен білім саласының өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, Педагогика ғылымдарының магистрі, Абайтанушы Әлімбай Аманбайұлы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғалымдары – қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Рахат Маханбетжанқызы, Темірбай Мұқашев және Бақытжан Мақашев секілді оқытушылар, сондай-ақ облыстық ардагерлер ұйымының мүшелері, мәдениет қызметкерлері мен жастар да болды.
Абайдың терең ойлары мен даналыққа толы сөздері бүгінгі ұрпаққа маңызды бағдар беретінін атап өтілді. Сонымен қатар, қатысушылар жастарға Абай шығармаларын жан-жақты талдап, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу қажет екендігін дөп басып айтты.
Кеште Абайдың әндеріне де ерекше көңіл бөлінді. Ұлы ақынның шығармаларының бірі – «Көзімнің қарасы» әні шырқалып, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің білімгерлері мен Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқады
Жиын кітапхана қызметкерлерінің «Желсіз түнде жарық-ай» әнімен аяқталды.
Бұл кеш Абайдың мұрасын құрметтеп, оның шығармашылығын болашақ ұрпаққа ұғынықты түрде жеткізу мақсатында үлкен мәнге ие болды. Әрбір адам Абайды оқып, оның терең ойларын өз өмірінде қолдана отырып, жан-жақты дамуы тиіс екені басты тақырып болып қалды.