жұма, 20 желтоқсан, 2024 23:33

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда К. Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп жатыр

Таразда К. Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп жатыр
Jambylinfo.kz
Байқауда 18 өнерпаз бақ сынады

Таразда Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Шырқа, даусым» ХІІ Республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы өтіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Шырқа, дауысым!» республикалық ән конкурсын Жамбыл облысының әкімдігі 2001 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Дәстүрлі  ән жарысы өңір-өңірден келген қатысушылар үшін екі жылда бір рет өтеді. Байқаудың басты мұраты - талантты әншілерді іздеу және қолдау көрсету және Кенен Әзірбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау. Қазылар алқасының мүшесі, белгілі қаламгер, аудармашы, сазгер Бақытжан Әзірбаевтың сөзінше, конкурстың маңызы жылдан жылға артып келеді. 
-    " Кенен Әзірбаев халықтың ақыны, әншісі. Қазақ даласында ол соңғы сал, соңғы сері, қазақтың ұлы ақындары - Біржан сал мен Ақан серінің үздік дәстүрін жалғастырушы. XX ғасырда өмір сүрген Кенен Әзірбаев соңғы осы дәстүрлерді жалғастырушы болды. Шынында, Кенен Әзірбаевтың әрбір туындысы халқының бастан кешірген оқиғасы. Былай айтқанда тарихи шежіре деуге болады. Бірақ қазіргі буын ол кісіні көп біле бермейді. Осыны насихаттау керек. Ол үшін бүгінгі конкурстың мәні зор. Кенен Әзірбаев ақын, композитор, орындаушы, жоғарғы санатты суырыпсалма, көптеген әдеби шығармаларды жатқа білген жан-жақты тұлға болған. Ол - дәстүрлі қазақ музыкалық орындаушылық өнерінің соңғы насихаттаушысы. Байқаудың маңызы мен оған деген қызығушылық жыл сайын артып келеді және алдағы уақытта да арта берері күмәнсіз. Себебі, Кенен атаның шығармашылық мұрасын сақтау - біздің әрқайсымыздың парызымыз" – деді айтулы ақын Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев.
Ал, Жамбыл облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева конкурстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.  
-    Бүгін Жамбыл облысының мәдени өмірінде ерекше күн. Қазақтың бір туар азаматы, дәстүрлі ән өнерін дамыта отырып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Кенен Әзірбаевтың 140 жылдық мерейтойы атап өтілуде. Бүгінгі конкурс та сол кісінің құрметіне арналған. Мынау енді республикалық өнер бәйгесіне ат арынтып келген барша өнерпазға сәттілік тілеймін, - деді Сара Мәдиева. 
Баласағұн орталық концерт залында өтіп жатқан республикалық конкурста Алматы, Ұлытау, Жетісу, Түркістан, Абай, Жамбыл облыстарынан,  Алматы және Шымкент қалаларынан келген 18 әнші бақ сынайды. 
Конкурс екі кезеңнен тұрады. Кезеңдердегі әндер қайталанып орындалмауы шарт. Биылғы байқаудың тәртібі мен шарты мынадай:
І-кезең: 
Кенен Әзірбаев шығармасынан 1 ән.
Халық әні, халық композиторлары және XX ғасырдағы композиторлар туындыларынан өз таңдауы бойынша 1 ән.
Міндетті түрде 1 ән, ерлерге «Бозторғай» немесе «Көкшолақ» туындылары Кенен Әзірбаевтың өз орындауындағы нұсқаға сүйене отырып орындалуы тиіс. 
Ал қыздарға міндетті әндер тізімі «Қазақстан аймағы» немесе «Анам-ай» әні белгіленген болатын.
ІІ-ші кезеңге үздік өнер көрсеткен 9 ғана өнерпаз қатысатын болады. Олар екінші кезеңде:
1. Еркін тақырыптағы 1 ән; 
2. Ережеде көрсетілген  тізімдегі Кенен Әзірбаевтың 15 әніндегі 1 ғана шығармасын көрермендердің алдында жеребе тарту арқылы орындайды.
 Өнерпаздар өнері 5 пен 10 ұпай аралығында бағаланады. 
Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері бар. Мәселен, қазылар алқасының төрағасы Алтынбек Қоразбаев, белгілі әнші Саят Медеуов, Кенен Әзірбаевтың ұлы, атақты сазгер Бақытжан Әзірбаев, сазгер Бағлан Бәбіжан, мәдениет саласының үздігі Дүйсенәлі Бықыбаев өнерпаздарға баға бермек. 

Ережеге сай екі кезеңді қамтыған байқауда ҚР Халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Бақытжан Әзірбаев, Мәдениет саласының үздігі, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі Бағлан Бәбіжан пен әнші Саят Медеуов төрелік етіп, әншілер өнеріне баға берді. Сонымен бірге, конкурсты тамашалауға «Кенен Ата» қорының төрағасы Кенен Әзірбаевтың мұрагер-немересі және насихаттаушысы Мұхтар Әзірбаев пен Кенен атамыздың келіні Бақытжан Сағынбекқызы арнайы келді. Айтулы кеште Кенен мұраларымен бірге өзге дәстүрлер кеңінен дәріптеліп, ұлттық өнер салтанат құрды.

–   Кенен ақын жасынан ауыз әдебие­­­тінің сан ғасырлардан бері үзілмей келген асыл мұралары үлгілеріменақындықжыршылықшешендікайтыскерлік өнерден нәр алыпоны өз тарапынан жетілдіріпкемелдендіре отырыпкейінгі ұрпаққа жеткізуге ұйытқы болды. «Туған елім, туған жер, ешбір өкпем жоқ сенде, Екі Кенен тумайды Алатауға ексең де...», деп жырлаған ақын ән өнеріне де өзіндік жаңашылдықпен келді. Оның мұраларын насихаттауды мақсат тұтқан игі бастаманың Жамбыл жерінде жалғасу заңды құбылыс, – деді Кенен мұрасын дәріптеудің маңыздылығы жайында композитор Алтынбек Қоразбаев.

Айта кетейік, байқаудың екінші кезеңіне үздік өнер көрсеткен 9 өнерпаз ғана жолдама алып, ақтық сында бақ сынады. Әділқазылар шешімімен жүлделі үшінші орын жамбылдық Бекарыс Көштаев пен қостанайлық Айбике Таңатарова  бұйырса, екінші орынға алматылық Нұрдана Сәлімхан мен қостанайлық Жасұлан Өтемұратов жайғасты. Сонымен бірге бірінші орынды жамбылдық Мерей Абуева иеленсе, бас жүлде түркістандық Аружан Сағындыққа бұйырды. Жүлде иегерінің марапатын облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев арнайы табыстап, жас талапқа сәттілік тіледі. Бұдан өзге бірқатар қатысушыларға арнайы жүлде мен естелік сыйлықтар табысталып, марапаттау рәсімінің соңы гала концертке ұласты.

Кенен Әзірбаев - атақты қазақ ақыны және жырауы, әнші, композиторы, Қазақ КСРО еңбек сіңірген өнер қайраткері (1957), Қазақ КСРО халық ақыны, КСРО жазушылар және композиторлар одағының мүшесі.
1884 жылы 8 мамырда Мәтібұлақ жерінде (Жамбыл облысының Красногорский ауданы), қазіргі Қордай ауданы Кенен ауылында дүниеге келген.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа белсенді қатысқан. Оның осы кезеңде жазған әндері - «Бұлбұл», «16 жыл», «Базар-Назар», «Әли батыр», «Қырғызбай» поэмалары қозғалысқа қатысушыларға дем берген, олардың өз жеріне, өз еліне деген мақтаныш сезімін оятқан.
Кенен - Жамбылдың шәкірті және ізін жалғастырушы. Кенен Әзірбаев 150-ге жуық әні бар өлең жазған. Соның ішінде домбырамен орындалған қырықтан астам әні танымал болған. Ол "Бозторғай" (1895), "Түйе тыныс" (1903) , "Кенен мен Ләтипа айтысы" (1910) , "Ленин бабам" (1924), "Колхоз әні" (1933), "Самолет" (1936), "Ел қуанышы - 9 май" (1945), "Батыр Москва" (1947), "Бейбітшілік ұраны" (1951), "Коммунизм құрылысы" (1952) және т.б.
Кенен Әзірбаевтың көптеген шығармаларын Б. Қанапьянов орыс тіліне аударған.
Ол 1976 жылы 12 сәуірде қайтыс болды, Жамбыл облысында жерленген.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар