Таразда кітап фестивалі биыл екінші рет өтіп жатыр
- авторМағжан Орынбасар
- 24 сәуір, 2024
- 577
Тараздағы «JAMBYL Book Fest» фестивалі бүгін де жалғасады. Кітап жәрмеңкесі 23 сәуір дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Көне Тараз» этномәдени кешеніндегі «Көркемсурет» галереясында басталған, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Іс-шарада «Алқа», «Қасым», «Таймс», «Отбасы хрестоматиясы» сынды кітап баспалары мен «Букинист», «Кітап ал», «Шерхан Мұртаза» сауда үйлері өкілдері өз кітаптарын таныстырып, саудалады. Кітап жәрмеңкесіне белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, танымал тұлғалар қатысты. Соның бірі - 2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен кітаптар шығаратын қоғамдық қордың директоры Бағдат Құдияр.
"Қазіргі таңға дейін алпыстан астам кітап шығарыппыз. Кітаптарымыздың барлығы бестселлер. Атап айтатын болсақ, жақында ғана жарық көріп, үш айдың ішінде 30 мың данамен сатылған «Өзбекәлі» және «Мәдени майдан», соңғы шыққан «Мамандықтың мәні», бұрынырақта шыққан «Бейсен болмыс», «Балалықтан даналыққа», «Әлдиден эпосқа дейін» сынды бірнеше кітаптарымызды әкеліп отырмыз. Командада оншақты адам жұмыс істейді. Кеше ғана біз Астана қаласында өткен ең үлкен халықаралық фестивальдан келіп отырмыз. Ұлттық құрылтайда Президентіміз барлық өңірде кітап жәрмеңкелері өтсін деп айтты емес пе? Осының аясында көптеген қалада болдық. Жалпы тамыры терең жәрмеңке өтіп жатыр деп білемін", - деді Бағдат Құдияр.
Бұдан бөлек, шарада бірқатар қаламгердің кітаптарының тұсаукесері өтті. Оның ішінде жергілікті ақын-жазушылар да бар. Фестиваль аясында көрерменге жол тартқан туындының бірі - «Арал – әлем тағдыры» өлеңдер мен толғаулар жинағы. Кітап авторы Мақсым Боқаев өзінің шығармаларында экологиялық аймақтың бүгіні мен болашағы турасында жазған.
"Бүгінгі болып жатқан табиғи апаттар адамзаттың қолымен жасап жатқан әрекеттерінің салдары. Себебі, табиғат анамыз ашулы. Мен танымал ақын емеспін, мені тек жерлестерім ғана біледі. Бірақ, "ашынса соқыр көзден жас шығады" дегендей, осы Аралдың тағдырын ойлап, күндіз-түні демалмай үш кітап жаздым. Бұл табиғат пен адамның тағдыры бір. Аралдың тарихы терең. Бұл Сақ заманынан келе жатқан теңіз. Көлемі де ұзын болған. Бұл біраз адамды ажалдан алып қалған теңіз. Ашаршылық пен апатта көп қазақ осы теңзді жағалап аман қалды. Оның тереңдігі 6-7 километрге дейін барған. ішіндегі балықтары да керемет еді. Соның қадірін білмей кептіріп алдық. Осы мәселенің барлығы менің кітапбыма арқау болды,-деді кітап авторы.
Айта кетейік, кітап жәрмеңкесі елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Ал, Таразда бұл үрдіс өткен жылдан басталды. Биылғы кітап фестивальі екі күнге жоспарланған. Яғни бүгін де кітап жәрмеңкесінің есігі келушілер үшін айқара ашық.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қазіргі ұрпақ «кітапқұмар» болуы керек деген болатын.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.
«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024