бейсенбі, 19 желтоқсан, 2024 15:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Таразда «Ән мен жыр – халық қазынасы» атты облыстық  дәстүрлі өнер байқауы өтті

Таразда «Ән мен жыр – халық қазынасы» атты облыстық  дәстүрлі өнер байқауы өтті
Jambylinfo.kz
Сайысқа облыстың әр ауданынан келген талантты өнерпаздар қатысты

Бүгін Таразда Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында «Ән мен жыр – халық қазынасы» атты облыстық  дәстүрлі өнер байқауы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Аталған байқауды мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы бірлесе ұйымдастырған. Өнер бәйгесіне Тараз қаласы мен аудандардан 26 үміткер қатысты.

Байқаудың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген айтыс ақындары, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков облыстағы атамұра өнерді дәріптей отырып дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

  • Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – тасада жүрген таланттарды тауып, топқа қосып, олардың өнерін ел алдына шығару. Сонымен қатар таланттардан бөлек, назардан тыс қалған қазақтың небір інжу-жауһар өнерлері бар. Сол өнерлерді әдеби айналымға шығаруымыз керек. Бұл үшін үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Ән мен жыр қазақ өнерінің маңызды саласы. Қазақ жаралғалы бері келе жатқан дүниесі, тарихы, тыныс-тіршілігінің бәрі осы ән мен жыр-терменің ішінде. Облыстық халық шығармашылығы орталығы мен биыл ғана ашылған Жамбыл Жабаев атындағы айтыс ақындары, жыршы-термешілер орталығы бір арбаға жегілген ат құсап, осы дүниені алға қарай сүйреп келе жатырмыз,- деді Ахметжан Өзбеков.

 

Жалпы байқауға қатысушылар дәстүрлі ән және жыршы-термешілер номинациясы бойынша өнер көрсетті. Мәселен, дәстүрлі ән орындаушы халық немесе халық композиторларының бір әнін орындады. Ал, жыршы-термешілер өз таңдауы бойынша жыр-терме айтты.

Өнерпаздарға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков пен мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов және Қарлығаш Қожағазина әділ бағасын берді.

Қазылар алқасының қара қылды қақ жарған шешімімен үздік өнер көрсеткендерге жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлықтары берілді. Үздіктерді мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай марапаттады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар