Жамбыл жаңалықтар
Таразда үш биге еңселі ескерткіш қойылды
- авторjambylinfo.kz
- 15 желтоқсан, 2021
- 308
Таразда үш биге еңселі ескерткіш қойылды
Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай қазақтың әйгілі үш биі – Төле, Әйтеке және Қазыбек билерінің ескерткіші ашылды.
Даналық пен әділдіктің символындай болған үш бидің ескерткіші Жамбыл облыстық соты ғимаратының аумағында орналасқан.
Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, ҚР Жоғарғы сотының экс-төрағасы Мұсабек Тұрғанбекұлы, Жамбыл облыстық сотының бұрынғы төрағасы Мақсұт Әбілқайыров және сот жүйесінің ардагерлері қатысты.
Ербол Ахметжанов пен Мұсабек Тұрғанбекұлы ең күрделі кезеңде қазақтарды біріктіруде шешуші рөл атқарып, елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы билердің рухани мұралары, өнегелі еңбектеріне тоқталды.
- Қазақ билерінің əділ сот ісін дамытуға жəне нығайтуға қосқан үлестері өлшеусіз. Әйтек би, Қазыбек би, Төле бидің қазақ халқының қалыптасуына, оның сот төрелігімен тығыз байланысты болғанын атап өткеніміз абзал. Ескерткіш даналық пен әділдіктің нышаны,-деді М.Тұрғанбекұлы.Бұдан соң ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратында бас қосты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр заманның өзіне сай сот жүйесі болғанын, кезіндегі Билер кеңесі соның айғағы екендігін атап өтті.
- Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облысымыздың орталығы саналатын тарихи Тараз қаласының көркіне сән қосып тұрған облыстық соттың жаңа ғимаратының алдынан, алты алаштың әйгілі билерінің ескерткіші ашылуы – тарихи маңызды оқиға және тәрбиелік мәні зор. Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің есімдері қазақ мемлекеттілігі мен қазақ сот төрелігі негізінің қалануы тығыз байланысты. Өмірлік тәжірибесі мен мінсіз беделінің арқасында өз заманында олардың шешімдері әділ болған және күмән тудырмаған. Сот жүйесі заман талабына сай жетілдіріліп отыруы тиіс. Қазіргі таңда елімізде сот саласына айрықша көңіл бөлініп, тиісті жағдайлар жасалып, оң өзгерістер орын алуда. Әсіресе, ақпараттық технологияның дамуы сіздерге де үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Халық үйден шықпай-ақ, арызын беріп, сот үдерісін бақылай алады. Мемлекет басшылығының тапсырмасына сәйкес жергілікті билік қашанда бұл тұрғыда барынша жағдай жасауға мүдделі. Жақында Тараз қаласында өткен «Сот жүйесі ғалымдарының диалогы» I- Халықаралық форумына ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Жақып Асанов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы, Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла, судья-ғалымдар, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен Беларуссиядан келген шетелдік заңгер ғалымдар қатысып, орамды ойларын ортаға салды. Облыстық соттың тағылымды тарихы, өз орны қалыптасқан. Сала ардагерлерінің табысты еңбегін сабақтастыра отырып, бүгінгі қызметкерлер де адалдық, туралық, заңдылық қағидаттарын басшылыққа алып отыруы тиіс. Бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімінің арта түсуі үшін аса маңызды,-деді облыс әкімі.Айта кетейік, жаңа ескерткіш бетоннан құйылып, мәрмәр тұғырға орнатылған. Монумент авторы – мүсінші Темірхан Қолжігіт. Ескерткіштің биіктігі – 3,50 метрді құрайды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала