сәрсенбі, 8 сәуір, 2026 14:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараздық жас чемпион: табандылық пен жеңіс жолы

Тараздық жас чемпион: табандылық пен жеңіс жолы
Фото - ашық дереккөз
Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенті, каратэден әлем чемпионы Ералы Маметолдин – жас болса да, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі.

 Біз жас чемпионмен сұхбаттасып, оның спорттағы жолы, жеңістері мен өмірлік ұстанымдары туралы әңгімелестік.

– Өзіңді оқырманға таныстырып өтсең. Спортқа келу жолың қалай басталды?
– Мен, Маметолдин Ералы Серікұлы, Жамбыл облысы, Тараз қаласының тумасымын. Қазіргі таңда 18 жастамын. Спортқа келу жолым отбасымнан бастау алады. Әкемнің өзі спортқа жақын, белсенді адам болғандықтан, мені 8 жасымнан бастап каратэге берді. Алғашқы бапкерім – Сәкенұлы Азамат. Сол кісінің берген тәлімі мен бағыт-бағдарының арқасында бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмын.

– Каратэні таңдауыңа не себеп болды? Бұл спорттың саған берген басты құндылығы қандай?
– Каратэ – тек спорт емес, бұл – өмірлік мектеп. Ол маған ең алдымен тәртіп, жауапкершілік және өзін-өзі бақылауды үйретті. Осы спорт арқылы мен рухани және физикалық тұрғыдан шыңдалдым. Каратэнің маған берген ең басты құндылығы – ішкі тәртіп пен төзімділік.

– Спорттағы алғашқы жетістіктерің туралы айтып берсең. Қай жеңіс саған ерекше серпін берді?
– Алғашқы жеңісім Тараз қаласында өткен шағын турнирде болды. Сол жарыста 1-орын алған сәтім әлі күнге дейін есімде. Дәл сол жеңіс маған үлкен сенімділік беріп, «менің қолымнан келеді» деген сенімді қалыптастырды.

– 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болдың. Сол жарыс саған қандай тәжірибе мен сабақ берді?
– Бұл жарыс мен үшін өте маңызды кезең болды. Финалда өте мықты қарсыласпен кездестім. Сол сәтте жеңіске бір қадам жетпей қалғанымды түсіндім. Бұл нәтиже мені тоқтатпады, керісінше одан әрі еңбек етуге, өзімді дамытуға үлкен мотивация берді. Бұл жарыс маған әлі де шыңдалу керектігін көрсетті.

– Әлемдік деңгейдегі жарыстарға дайындық қалай өтеді? Күнделікті жаттығу тәртібің қандай?
– Мен Тараз қаласындағы спорт мектебінде білім алдым. Ондағы тәртіп өте қатаң: күн таңғы 6-да басталады. Күніне екі мезгіл жаттығу жасаймыз, үш мезгіл дұрыс тамақтану режимі сақталады. Жаттығулар тек физикалық емес, психологиялық дайындықты да қамтиды. Бұл – үлкен жүйе.

– 2025 жылы Мәскеуде өткен әлем чемпионатында чемпион атандың. Бұл жеңіске жету жолындағы негізгі ережелер қандай?
– Бұл жеңіс – ұзақ жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Негізгі ереже – тәртіп, тұрақты еңбек, мотивация және нақты мақсат. Әр жаттығу, әр қиындық сол жеңіске бір қадам жақындатты.

– Жоғары нәтижеге жету барысында қандай қиындықтар кездесті және оларды қалай еңсердің?
– Әрине, қиындықтарсыз болмайды. Жарақаттар, психологиялық қысым, физикалық шаршау – мұның бәрі спортшы өмірінің бір бөлігі. Бірақ мен әр қиындықты сынақ ретінде қабылдаймын. Сол арқылы шыңдалдым, тәжірибе жинадым.

– Бакуде өткен «ARPACHAY OPEN» халықаралық турниріндегі жеңісің туралы айтып берсең?
– Бұл жарыс мен үшін ерекше маңызға ие болды. Біз бұл турнирге нақты мақсатпен бардық. Қарсыластар өте мықты болды. Сол себепті бұл жеңіс менің халықаралық деңгейдегі сенімділігімді арттырды.

– Жекпе-жек барысында сен үшін қайсысы маңыздырақ: техникалық дайындық па, әлде психологиялық тұрақтылық па?
– Екеуі де өте маңызды. Бірақ шешуші сәтте психологиялық тұрақтылық үлкен рөл атқарады. Себебі техника дайын болғанымен, оны дұрыс қолдану үшін ішкі сенім мен сабыр қажет.

– Қарсыластарыңды зерттеу, тактика құру процесі қалай жүзеге асады?
– Біз қарсыластардың алдыңғы жекпе-жектерін қарап, олардың әлсіз және мықты тұстарын талдаймыз. Соған байланысты тактика құрамыз. Әр қарсыласқа жеке дайындық қажет.

– Университеттегі оқу мен кәсіби спортты қатар алып жүру қаншалықты қиын?
– Оңай емес, бірақ мүмкін. Мен оқу, спорт және жұмысты да қатар алып жүрмін. Қазіргі таңда «Вкусная Корзинка» дүкенінде жұмыс жасаймын. Уақытты дұрыс жоспарлау – ең басты құралым.

– «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығын таңдауыңа не себеп болды?
– Бұл мамандықты таңдауыма әпкем – Қалдықұлова Айдана үлкен әсер етті. Ол осы саланы қызыл дипломмен тәмамдады. Соның үлгісі мені осы бағытқа алып келді.

– Болашақта өзіңді қай салада көресің?
– Мен өзімді екі бағытта да көремін. Спорт – менің өмірімнің бір бөлігі, ал мамандығым – болашағым. Екеуін қатар алып жүруге тырысамын.

– Университет тарапынан саған қандай қолдау көрсетіледі?
– Университет тарапынан үлкен қолдау бар. Оқу процесінде түсіністік танытып, жарыстарға қатысуыма мүмкіндік береді. Бұл мен үшін үлкен мотивация.

– Сенің жетістіктеріңе ерекше ықпал еткен жандар туралы айтып берсең?
– Менің жетістігімнің артында ата-анам, жаттықтырушым және кураторым Сая әпкемнің қолдауы бар. Олардың сенімі мен үшін үлкен күш.

– Мотивацияңды қайдан аласың? Жеңіліс сәттерін қалай қабылдайсың?
– Мотивацияны өз мақсатымнан аламын. Ал жеңіліс – бұл соңғы нүкте емес, жаңа бастама. Ол маған қателіктерімді түсінуге және одан әрі дамуға көмектеседі.

– Қазақстандағы каратэ спортының даму деңгейіне қандай баға бересің?
– Қазақстанда каратэ спорты қарқынды дамып келеді. Жас спортшылардың әлеуеті жоғары. Болашағы зор деп сеніммен айта аламын.

– Алдағы мақсаттарың қандай?
– Алдағы мақсатым – әлемдік аренада елімнің туын биіктету, жаңа белестерді бағындыру. Сонымен қатар, өзімнен кейінгі жастарға үлгі болғым келеді.

Ералы Маметолдин – тек жеңістерімен ғана емес, еңбекқорлығы, тәртібі және қайсар мінезімен ерекшеленетін спортшы. Оның бүгінгі жетістігі – ертеңгі үлкен жеңістердің бастауы деп сенеміз.

 

 

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар