жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Заң және тәртіп»: интернет алаяқтықты алдын алу шаралары

«Заң және тәртіп»: интернет алаяқтықты алдын алу шаралары
Өңірлік коммуникациялар қызметі
2025 жыл Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде «Профилактика жылы», ал жалпы ел көлемінде «Заң мен тәртіп» жылы деп жарияланғанын ескерсек, өңірде алдын алу бағытындағы жұмыстар кеңейтіліп отыр. Полиция қызметкерлері тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды ақпараттық науқан жүргізуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде Жамбыл облысы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Валихан Ағыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Валихан Самбетұлының айтуынша, интернет-алаяқтық әдістері жылдан жылға өзгеріп, күрделене түсуде. Әсіресе телефон байланысын пайдалану арқылы жасалатын қылмыс түрлері белең алып отыр. Осыған байланысты Полиция департаменті «Қазақтелеком» АҚ және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтардың көп қолданатын «СИМ-бокс» құрылғыларын анықтау бойынша арнайы шаралар жүргізуде. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде Тараз қаласында бір мезгілде ондаған нөмірден қоңырау шалуға мүмкіндік беретін 128 слоттық СИМ-бокс анықталып, оған қатысты күдікті ұсталды. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа көмектесетін, яғни заңсыз алынған қаражатты өз шоттары арқылы өткізіп беретін немесе банк картасын бөтен адамдарға пайдалануға берген азаматтардың (дропперлердің) жауапкершілігі де күшейтілді.

Биылғы жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Бұл бапта банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру деректеріне заңсыз қолжетімділікті беру, ұсыну немесе пайдалану, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген.

Қылмыстың ауырлығына, жасалу тәсіліне және заңсыз пайда мөлшеріне қарай күдікті тұлғаларға мүлікті тәркілеумен қоса 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Дегенмен, заңда маңызды ескерту бар: егер азамат бұл қылмысты алғаш рет жасап, өз еркімен құқық қорғау органдарына хабарлап, қылмыстың жолын кесуге белсенді түрде ықпал етсе және басқа қылмыстарға қатысы болмаса, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Брифинг барысында Валихан Ағыбаев облыс тұрғындарын өз банк картасы мен есепшоттарын бөтен адамдарға бермеуге, сондай-ақ сұрау бойынша ақша шешіп бермеуге шақырды. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер азаматты дроппер ретінде жауапкершілікке тартып қана қоймай, алаяқтық схемалардың кеңеюіне жол ашады.

Интернет-алаяқтық көбіне телефон қоңыраулары арқылы жасалатынын ескеріп, полиция азаматтарды белгісіз адамдардан келіп түскен әрбір қоңырауды тексеру үшін өзін таныстырған мекемеге тікелей хабарласуға немесе арнайы құрылған «Cyberpol» тобына 99-66-07 нөмірі арқылы қоңырау шалуға шақырады.

Құқық қорғау органдарының айтуынша, «Cyberpol» тобы интернет-алаяқтыққа қарсы бағытта бірқатар нәтижелерге қол жеткізгенімен, алда атқаратын жұмыс әлі де көп. 

Бұл жерде тек полицияның емес, білім беру, банк, байланыс және БАҚ жүйелерінің де ортақ жауапкершілігі бар. Жалпы, облыста атқарылып жатқан шаралар нәтижелі болғанымен, интернет алаяқтықтың тамыры – адам сенгіштігі мен цифрлық сауаттың әлсіздігі екенін естен шығармау керек.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар