«Заң және тәртіп»: Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық неліктен жиілеп барады
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:32
- 38
Статистикаға жүгінсек, қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқық бұзушылықты, қылмысты жасайтын сондай-ақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады екен, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алайда, кейбір ата-аналардың өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында қандай іспен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алатын жағдайлар да кездеседі. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы – құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін фактор. Әсіресе жасөспірім арасында құқық бұзушылық пен қылмысты ішімдік және есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтыны көптеп кездесетіні де құпия емес. Мәселен, түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әртүрлі құқық бұзушылыққа, қылмысқа баратын жағдайлар тіркеледі. Өйткені ішімдік пен есірткі өз кезегінде, оларды қылмыс жасауға итермелейді.
Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға мәжбүрлейді. Ал осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескеру қажет.
Өкінішке қарай, аталған ережелерді жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себепті кей жағдайларда ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болуы салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әрқилы құқық бұзушылықтар мен қылмысқа барады. Мәселен, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына өткен жылдың 11 айында 51 тұлғаға қатысты 42 қылмыстық іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі Қылмыстық Кодекстің 188-бабымен (ұрлық), 188-1-бабымен (мал ұрлау), 122-бабымен (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 191-бабымен (тонау) қозғалған істер. Ал есепті кезеңде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша сотқа 60 іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау, 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша қозғалған істер.
Тәжірибе көрсеткендей, кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды. Дәлірек айтқанда, түсінбейді немесе жеткілікті ұқпайды. Сол себепті кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алудың және оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық түрде сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет-ақ.






