жұма, 5 желтоқсан, 2025 12:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылға келетін туристер саны 104,4 пайызға артты

Жамбылға келетін туристер саны 104,4 пайызға артты
Жамбыл облысының әкімдігі
Олардың ішіндегі ішкі туристер саны 97 587 адамды құрады

Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі туризм саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысы экономикасының басымды және стратегиялық маңызды бағыттарының бірі – туризм саласы. Жыл басынан бері облыста жалпы туристік саланы дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып, көптеген жетістіктерге қол жеткізілген.
- Ағымдағы жылдың 2 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 99 852 турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 104,4%-ға артып отыр. Олардың ішіндегі ішкі туристер саны 97 587 адамды құрап, өсімі 103,6%-ды, ал шетелдік туристер саны 2 265 адамды құрап, өсімі 155,7%-ды құрады. Инвестиция көлемі де тұрақты өсім көрсетуде. 10 айдың қорытындысымен туризм саласына 18,3 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 127,2% құрады. Болжам бойынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 20 млрд. теңгеге жетіп, жылдық өсім 130%-ға жетеді деп күтілуде. Соңғы екі жылда туристерге көрсетілген қызмет көлемі 1,8 млрд. теңгеден 3,6 млрд. теңгеге дейін өскен. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің туризм саласындағы инвестициялық белсенділігі артып келеді. Бүгінде жалпы құны 27,3 млрд. теңгені құрайтын, 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында «Талбесік» этноауылы, «Hilton» қонақ үйі, «Tary» визит орталығы сияқты ірі туристік жобалар бар. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 430 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.  Өткен жылдары үш ірі туристік нысан – Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараз қаласындағы «Зербұлақ» аквапаркі іске қосылған еді. Биыл жалпы құны 6,0 млрд. теңге болатын, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған 10 туристік нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл жобалар облысымызға 120 мың туристің келуіне ықпал етеді, - дейді басқарма басшысы. 
Аспандияр Сейсебаевтың сөзінше, облыста бүгінгі күнге дейін 9 жоба іске қосылған. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс қамалы», «Тары» этно-мейрамханасы және «Аструм» жабық аквапаркі, Байзақ ауданындағы «Жібек жолы», «Керуен» және Жамбыл ауданындағы «Арзан сити» жол бойындағы сервис кешендері, Шу ауданындағы «Еламан» жаңа демалыс аймағы, Талас ауданындағы «Рахат-ай» мұз айдыны, Т. Рысқұлов ауданындағы «Этноауыл» демалыс аймағы өз жұмысын бастады. Жыл соңына дейін Шу ауданында «Шу Мұнай Өнімдері» жол бойындағы сервис кешені ашылады деп күтілуде. 
- Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев  «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында «Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болуы тиіс. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу», – деп атап өткен болатын. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жергілікті бюджет есебінен 1 млрд. 186 млн. теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайтын үш туристік нысанға алып баратын автожолдар салынды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нәтижесінде «Koksai resort» (19,5 шқ), «Таскөл» (2,8 шқ) және «Алмалы» (12,5 шқ) демалыс орындарына жайлы әрі қауіпсіз жету мәселесі шешімін тапты. Бұл өз кезегінде туристер ағынының артуына жол ашып отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туристік бизнес субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін 19 кәсіпкерге жалпы сомасы 15 327 мың теңге көлемінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Облыста туризм саласындағы жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру өте маңызды мәселе. Өңірге туристерді көбірек тартқымыз келсе, облыстың әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін арттыруымыз қажет. Осы орайда, облыстың туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында халықаралық және республикалық деңгейдегі бірқатар имидждік іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылы облысқа туристерді көптеп тарту мақсатында «2025 туристік маусымының ашылуы» фестивалі, «Jibek Joly» туристік пойызы, «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі, «Меркі – 2025» тау фестивалі, «Еуразия жүрегіне саяхат» халықаралық экспедициясы сияқты іс-шаралар өткізілді, - деді Аспандияр Сейсебаев. 
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған 3 ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарлануда:
- облыстың экожүйесі мен мәдениетінде маңызды роль атқаратын жабайы қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтап қалу мәселелеріне және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі;
- облыстың туристік әлеуетін көрсету, отандық және шетелдік туроператорлармен серіктестік орнату және өңірдің туристік өнімін ілгерілетуге бағытталған «Taraz Discovery Info Tour – 2026»  ақпараттық туры; 
- көктем, жаз, күз және қыс мезгілдерінде өткізіліп, табиғат аясындағы экотуризм мен белсенді демалыс түрлерін насихаттауға бағытталған «2026 – туристік маусымдарының ашылуы» жобасы. Бұл ауқымды оқиғалар өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар