сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 17:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында 5,2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

Жамбыл облысында 5,2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды
Фото: Jambylinfo.kz
Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында биыл экологиялық тазалық пен абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, өңірде жыл басынан бері 47 түрлі іс-шара іске асырылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы іске асырылуда. Облыстық мәслихаттың шешімімен жылға дейін бекітілген «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасының Өңірлік жоспары аясында халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жауаптылықты арттыру, экологиялық сауаттандыру, энергия мен суды үнемді тұтыну, қоршаған ортаны сақтау, жасыл желектерді отырғызу, экологиялық акциялар өткізу бойынша 47 іс-шара іске асырылуда. Ағымдағы жылы 11 қазан күні «Таза Қазақстан» акциясы аясында күзгі екі айлық сенбілік кезеңінде жалпы облыстық санитарлық тазалық және көгалдандыру іс-шаралары өткізілді. Іс-шара барысында Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалалары мен 353 елді мекендерде 61 мыңға жуық тұрғындар, еріктілер және белсенді атсалысушы азаматтар қатысып, 161,1 га аумақ күл қоқыстан тазаланды, 28 мыңға жуық жасыл желектер отырғызылып 5,2 мың тонна күл-қоқыс шығарылды, – деді Ғалым Исақов.

Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі күнге «Таза Қазақстан» акциясына 127,2 мың адам және 3,4 мың кәсіпорын мен мекеме атсалысқан. Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 127,8 мың шаршы метр тұрғын үй ауласы, 3,1 мың шақырым көше, 858,8 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 81,6 мың шаршы метр саябақ пен скверлер тазартылды. Жалпы алғанда, 19,2 мың тонна күл-қоқыс шығарылған.

Акцияның ақпараттық қолдауы да жүйелі жүргізілуде. Биыл медиада 20 мыңнан астам материал жарияланып, баспа беттерінде 395 мақала, телеарналарда 245 сюжет, интернет-ресурстарда 541 материал, әлеуметтік желілерде 27 891 пост шыққан. Сонымен қатар, республикалық телеарналарда 57 сюжет беріліп, облыста 75 сыртқы көрнекі ақпараттық құралдар орналастырылды.

Экологиялық шараларға қаржылай қолдау да көрсетіліп отыр. Биыл абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 11,9 млрд теңге бөлінген, оның ішінде абаттандыру және көгалдандыруға 9,8 млрд, санитарлық тазалыққа 2,1 млрд теңге жұмсалған. Жергілікті полиция қызметі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505 және 434-баптары бойынша аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзған және қоқыс тастаған азаматтарға қатысты 31,3 мың дерек тіркеп, жалпы 273,9 млн теңге айыппұл салған.

– «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы биыл 774 өтінім түсті. Оның 702-сі қарастырылып, 60 өтінім иелерімен шешім қабылданбады, 12 өтінім қазір қаралуда. Халыққа сервиспен жұмыс істеуді түсіндіру үшін арнайы бейнероликтер ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Акцияның іс-шаралары мен олардың орындалуы жергілікті деңгейде жүйелі бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі сапалы әрі кең көлемде жүргізілетін болады, – деді Ғалым Исақов.

Жалпы, Жамбыл облысындағы «Таза Қазақстан» акциясы өңір тұрғындарының белсенділігін арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалаларды таза ұстауға бағытталған тұрақты бастамаға айналып отыр.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар