сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 17:49

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қалай қорғауға болады?

Балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қалай қорғауға болады?
Фото: istockphoto.com
Қазіргі цифрлық ғасырда интернет балалардың өміріне терең енді.

Олар онлайн оқиды, мультфильм көреді, ойын ойнайды, достарымен сөйлеседі. Бірақ осы мүмкіндіктермен қатар көрінбейтін қауіп-қатер де көбейіп келеді. Зиянды контент, кибербуллинг, жалған ақпарат, белгісіз адамдардан хабарласу, жеке деректердің таралуы – бала үшін нақты қауіп төндіретін факторлар. Өкінішке қарай, көп ата-ана интернетті ойын-сауық құралы деп қана қабылдап, оның тасасында қандай қатер тұрғанын байқамайды.

Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен саналы бақылау қажет. Интернетке шектеу қою – тыйым салу емес. Баланың жас ерекшелігіне қарай экран алдында өткізетін уақытын реттеу, түсінбеген немесе жасына сай келмейтін контенттен қорғау – ата-ананың тікелей міндеті. Бүгінгі таңда бұл үшін арнайы құралдар бар: ата-ана бақылауы, түрлі фильтрлер, SafeSearch, балалар платформа режимдері. Дегенмен мәселе тек техникалық қорғанысқа ғана тірелмейді.

Осы тақырыпта оқушының жай-күйін бақылаушы маман, психолог Марияна Құдайбергенқызы былай дейді:
«Көп ата-ана баласына телефон берді – болды, өзімен-өзі отырады деп ойлайды. Шын мәнінде, телефон – бос уақыт емес, ашық есік. Сол есіктен кім кіріп-шығып жатқанын бала түсінбесе, қауіп көбейе береді. Интернетте баланы қорғаудың ең басты құралы – ашық әңгіме. Сіз баламен сөйлеспесеңіз, онымен біреу сөйлеседі», – дейді маман.

Психологтың айтуынша, бала интернетті қолданбас бұрын үш негізгі қағиданы білуі тиіс:

1. Жеке ақпарат құпия. Аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, мектеп атауы сияқты деректерді ешкімге бермеу.
2. Бейтаныс адамдармен сөйлеспеу. Күмәнді хат, ойынға шақыру, танымайтын аккаунт – бәрі қауіпті белгі.
3. Түсініксіз немесе күмәнді нәрсе болса, бірден ата-анасына айту. Мұны айтуға ұялмауы да, қорықпауы да маңызды.

Марияна Құдайбергенқызы ата-аналарға тағы бір маңызды нәрсені ескертеді:

«Балаға “телефонды мүлде қолданба” деу – дұрыс шешім емес. Тыйым салған сайын бала жасырынуға үйренеді. Ал жасырынған бала әлдеқайда көп қауіпке ұшырайды. Баламен интернет туралы күнде сөйлесу – ең мықты қорғаныс», – дейді маман.

Расымен, интернеттен қорғайтын ең тиімді құрал – сенім мен байланыс. Бала өзін үйде естіледі, түсініледі, қолдау табады деп сезінсе, қауіпті жағдайды жасырып қалмайды. Ал егер бала ата-анасынан қорықса немесе реакциясын алдын ала болжаса, мәселені айтуға батпайды.

Қосымша ұсыныстар:

Үйде цифрлық мәдениет ережесін қалыптастыру.
Барлық отбасы мүшелеріне ортақ, қарапайым және түсінікті қағидалар: телефонды ұйықтар алдында қолданбау, бір уақытта бірнеше құрылғыны қоспау, белгісіз сілтемелерді ашпау.

Баланың цифрлық сауаттылығын жүйелі түрде дамыту.
Фейк жаңалықты қалай ажырату, жеке мәліметтің не үшін құпия болуы керектігі, кибербуллингке қалай қарсы тұру – мұның бәрін бала жыл сайын, жасына қарай үйренуі тиіс.

Интернетті бірге пайдалану тәжірибесі.
Кейде баламен бірге мультфильм көру, ойын ойнау немесе оның қызығушылығын тыңдап отыру – қауіпсіздік пен сенімге жол ашады. Бұл баланың интернетте не істейтінін бақылау емес, оны түсіну.

Эмоциялық қолдау.
Көп жағдайда балалар интернеттегі қатерге эмоциялық әлсіз кезінде тап болады: өзіне сенімсіздік, жалғыздық, назардың жетіспеуі. Сондықтан ата-ананың шынайы қолдауы – ең мықты қорған.

Интернеттегі қауіптің бәрін бір күнде жою мүмкін емес. Бірақ ата-ана мен бала арасындағы ашық диалог, дұрыс түсіндіру, жас ерекшелігіне сай бақылау және эмоционалдық қолдау – балаға қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыруға үлкен көмек болады.

Қауіпсіздік – тыйымның емес, түсінудің нәтижесі.
Түсінген, қолдау көрген, сенімге ие бала ғана интернетті дұрыс, пайдалы және қауіпсіз қолданады.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар