Жамбыл облысында Еңбек ерлері мен Кеңес Одағының батырларына қашан көше атауы беріледі
- авторjambylinfo.kz
- 22 ақпан, 2024
- 842
Бүгінгі күні тарихи тұлғалардың ұрпақтарының айтуынша, батырларға көше атауын беру туралы ұсынысқа жергілікті билік селқос қараған. Олардың өтініштері осы уақытқа дейін аяқ асты болып келеді. Тараздағы заң ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманбек Сағынбеков jambylinfo.kz тілшісіне сұхбат бере отырып, көше атауларына қатысты бірқатар мәселелерді айтып берді.
Социалистік Еңбек Ері Пётр Гончаровтың қызы Наталья Гончарованың әкесінің атына көше беру, жалпы, Социалистік Еңбек Ері атағын алған тұлғаларға аллея соғылуы мәселесін көтеріп келе жатқанына биыл 7 жыл болған. «Жамбылдағы ірі кәсіпорындар мен Хим-ауданды соғу кезінде тер төккен Пётр Гончаровтың өңірге сіңірген еңбегі көп»,- дейді қызы Наталья Гончарова. Биліктегілер арызын арқалаған қарияны арқадан қағып шығарып салғанымен, әлі күнге нақты шешім қабылдамаған. Кейуана еңбегі ерен ерлердің есімі ұмыт болмаса екен деп алаңдайды.
«Мен қандай да бір көшенің атына әкемнің атын бере салғанын қаламаймын. Әкем де мұндай іске қарсы адам еді. Міне, Химиков көшесі тұр. Кейбіреулер осы 2 кварталдан тұратын көшеге атын берсін дейді. Бірақ, мен оған қарсымын. Қазір қалаға жақын аудандардан елді мекендер қосылып жатыр. Сондағы аты жоқ көшеге қойсын» ,- дейді Наталья Гончарова.
Ал, тараздық заң ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманбек Сағынбеков Социалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағының батыры атағын алған, бірақ елеусіз қалған тұлғалардың аты көшелерге берілмегеніне күйінеді. Туғаны болмаса да, туған жерге сіңірген еңбегі үшін бұл мәселеге бел шеше кіріскен. Тіпті жергілікті билікке өтініш жазған. Бірақ, жауап келмепті.
«Заң бойынша елге еңбегі сіңген кісілердің аты қайтыс болғаннан кейін 5 жылдан кейін көшеге беріледі. Құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көшенің аттарын анаған-мынаған беруге қарсылық танытқан. Мысалы, мен тұратын көше «Сәйгүлік» деп аталады. «Сәйгүліктің» маған не қатысы бар?»,- деді Құрманбек Сағынбеков.
Мәселенің мән-жайын білу үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына бардық. Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Медет Атеннің айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 15 тұлғаның тізімі жасалып, республикалық ономастикалық коммиссияға ұсынылған. Оның ішінде біз атап өткен 3 тұлғаның есімі бар.
«Сартай Есімханов пен Пётр Гончаров, Жәнібек Елеуісов квотаның ішінде бар. Алдымен көшеге атау беру үшін арнайы нұсқаулық бар. Яғни көшеге атын беру үшін ол тұлғалар тарихи тұлғалар тізімінде болуы керек. Былтыр біз осы 3 тұлғаның тізімін жібердік. Әрі қарай тарихи тұлғалар тізіміне еніп келгеннен кейін атау беру жұмысы жүргізіледі. Тарихи тұлғалардың есімі мағынасы ескірген немесе жаңа көшелерге беріледі. Бүгінгі күні облыста 554 мағынасы ескірген көше бар»,-деді Медет Атен.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024