сенбі, 23 қараша, 2024 0:18

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында үш су қоймасы салынады

Жамбыл облысында үш су қоймасы салынады
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында үш су қоймасы салынады
Жамбыл облысында келер жылы үш су қоймасының құрылысы басталады. «Қазсушар» РМК Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, жаңа гидроқұрылым 2024 жылға дейін пайдалануға беріледі. Құрылыс жүргізу үшін Қаржы министрлігіне бюджет өтінімі берілген. «Жамбыл облысында су тапшылығы талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Егер бұл мәселені түбегейлі шешу тек қаржыға ғана байланысты болса, су тапшылығынан әлдеқашан құтылар едік. Өкінішке қарай өңір трансшекаралық өзендердің суын пайдаланатындықтан мұнда көршілес мемлекетке тәуелділік те бар. Десе де, осы мәселені шешу үшін үш су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді салалық министрлік қажетті қаражатты бөлсе, құрылыс жұмыстарын бастаймыз», - деді Қазыбек Бедебаев. Қаржы мәселесі шешілсе Қордай ауданында сыйымдылығы 15,222 млн. текше метр болатын «Ырғайты» су қоймасының іргетасы қаланбақ. Сондай-ақ дәл осы ауданда сыйымдылығы 14,6 млн текше метрді құрайтын «Қалғұты» су қоймасы, Байзақ ауданында 11,107 млн текше метр су сиятын «Ақмола» су қоймасы салынады. Бұл нысандардың жалпы құны 14,9 млрд. теңгеге тең. Жаңа су қоймалары вегетация кезінде көрші мемлекетке ағын суға тәуелділікті азайтып, облыс аумағындағы 34,5 мың гектар суармалы алқапты суландыруға мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары егілген егістіктің жалпы көлемі 200 мың гектардан асады. Ал қайта жаңғырту жұмыстары аясында тозығы жеткен гидротехникалық нысандар қайта қалпына келтіріледі. Облыстағы Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай және Меркі аудандарындағы су шаруашылығы нысандарына «Еуропа қайта құру және даму банкі» есебінен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 31 жоба бойынша аталған жұмыстардың мердігерлері анықталып, құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жаңғырту жұмыстарының жалпы құны 21,5 млрд теңге. Жобаның жүзеге асуымен 1 388 шақырым болатын 310 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Мамыр айына дейін 87 шақырымға жуық каналды бетонмен қаптау және 189 шақырымдай каналға механикалық тазалау жұмысы жүргізілген. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін өңірде 51,271 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға енбек.  
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар