жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 17:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбыл облысында тазалық акциясы кезінде тарихи таңбалар табылды

Жамбыл облысында тазалық акциясы кезінде тарихи таңбалар табылды
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сарысу ауданында жартастағы петроглифтерді археологтар "Таза аула. Таза өлке. Таза ел!" экологиялық акциясын өткізу кезінде тапты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Елімізде "Таза Қазақстан" республикалық ауқымды акциясы 10 сәуірде басталған. Экологиялық шараның "Киелі мекен" деп аталатын екінші апталығында Жамбыл облысындағы  тарихи-мәдени ескерткіштерінің аумағы абаттандырылды. Сарысу ауданында тазалық шарасы кезінде археологтар  беймәлім петроглифтерді тапқан.

Мамандар бұл петроглифтерді қола, яғни ерте темір дәуіріне жатқызады. Олар Ақтоғай өзенінің сол жағалауындағы жартастарда, Ақтоғай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 шақырым жерде орналасқан. Суреттердің көпшілігінде сол кездегі адамдардың өмірі мен дүниетанымы, сонымен қатар, жануарлар бейнеленген.

"Жаңадан ашылған Ақтоғай петроглифтері Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне тараған қола дәуірінің бірегей мәдениетін білдіреді. Бұл суреттер Арпаөзен, Қойбағар, Сауысқандық, Ешкіөлмес және Таңбалы тас жерлерінен табылып, зерттелді. Жамбыл облысындағы Қаратау тау жотасы қола дәуіріндегі адамдар тұратын аймақ болып табылады. Бұл Қазақстан тарихы үшін ғана емес, әлемдік тарих үшін де адамзат өркениетінің бірегей ескерткіштерінің бірі", - деп атап өтті тарихшы, археолог Сауран Қалиев.

Ғалымдар петроглифтерді әлі егжей-тегжейлі зерттеген жоқ. Ендігі уақытта түпкілікті ғылыми қорытынды жасалмақ. Ашылған "Ақтоғай петроглифтері" ескерткішінде Қазақстанның белгілі археолог-ғалымдарының қатысуымен кешенді ғылыми-археологиялық зерттеулер жүргізіледі.

"Қазіргі уақытта Жамбыл облысында 3 468 тарих және мәдениет ескерткіш бар. Оның ішінде 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның қорғауында, 25 - республикалық маңызы бар, 698 - жергілікті маңызы бар, 2742 ескерткіш алдын ала есепте тұр. Олардың барлығы "тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы"заңмен қорғалады. Бұл Ақтоғай петроглифтерін біздің археолог және этнограф Сауран Қалиев зерттеу жүргізу кезінде тапқан. Біз бұл ескерткішті алдын ала есепке алдық және ол қазір заңға сәйкес мемлекеттің қорғауында. Біз петроглифтер бойынша мамандарды тарта отырып, осы объектіні кешенді зерделеуді жүргізуіміз керек. Шағын қорғандардан бастап ежелгі қалашықтарға дейінгі барлық тарих және мәдениет ескерткіштері мемлекет, халқымыз үшін зор құндылық ",-деді "Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы" КММ директоры Қуаныш Дәурембеков.

Айта кетейік, Сарысу ауданында  палеолит қонысы - Бүркітті ауылында орналасқан. 1957 жылы археологтар 0,9—1,4 м тереңдіктегі қазба жұмыстары кезінде халцедоннан пышақ, трапеция тәрізді тас пен шыбықтарға ұқсайтын заттарды тапты. Табылған заттар тас дәуірінің соңғы кезеңіне жатқызылды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар