Жамбыл облысындағы №58 түзеу мекемесі жылды қорытындылады
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 16:03
- 81
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №58 мекемесінде 2025 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жиналыс өтті. Жиынға департамент бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Ерлан Оразгелдиев төрағалық етті, деп хабарлады Jambylinfo.kz
Жиналыс барысында мекеменің режим мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сотталғандарды тәрбиелеу және қайта әлеуметтендіру, кадрлық қамтамасыз ету, цифрландыру және материалдық-техникалық базаны дамыту бағыттарында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
2025 жылы мекемеде режимді сақтау және жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылды. Қылмыстық саясатты гуманизациялау аясында Қылмыстық кодекстің 297-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес 268 іс сотқа жолданып, олардың 90 пайызы бойынша сотталғандар босатылды немесе жаза мерзімдері қысқартылды. Сонымен қатар рақымшылық туралы заң аясында 94 сотталғанға қатысты материалдар қаралып, 33 адам бостандыққа шықты.
Тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының алдын алу мақсатында мекемеде кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Жыл ішінде 1 400-ден астам тінту жұмыстары ұйымдастырылып, нәтижесінде есірткі заттары, ұялы телефондар және өзге де тыйым салынған заттар тәркіленді.
Сотталғандарды тәрбиелеу және қайта әлеуметтендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Сотталғандардың 80 пайыздан астамы еңбекпен қамтылып, жаңа өндірістік бағыттар іске қосылды. Кәсіптік және жалпы білім беру бағдарламалары арқылы сотталғандар жаңа мамандықтар алып, қоғамға бейімделу мүмкіндігін арттырды.
Мекемеде цифрландыру және техникалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта мекеме аумағында 653 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, бейнеаналитикалық жүйелер енгізілген. Ұялы байланыс сигналдарын бұғаттау тиімділігі 100 пайызға дейін жеткізілді. Сонымен қатар сотталғандарға арналған өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы электронды өтініш беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Кадрлық әлеуетті нығайту, қызметтік тәртіпті сақтау және моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту бағытында тиісті шаралар қабылданды. Медициналық қамтамасыз ету саласында профилактикалық тексерулер жүргізіліп, жұқпалы аурулардың алдын алу көрсеткіштері жақсарды.
Жалпы, мекеме бастығы, әділет подполковнигі Руслан Нұрланұлы Жапаровтың ұйымдастыруымен және тұрақты бақылауымен №58 түзеу мекемесінде жедел жағдай тұрақты, мекеме штаттық режимде жұмыс атқаруда. Қабылданған шаралар қауіпсіздікті нығайтуға, заңдылықты сақтауға және сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге бағытталған.






