Жамбыл жаңалықтар
Жамбыл облысында «қызыл» сызықтан асқан 85 нысан сүрілді
- авторjambylinfo.kz
- 24 мамыр, 2021
- 262
Жамбыл облысында «қызыл» сызықтан асқан 85 нысан сүрілді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев заңсыз салынған құрылыстарды, атап айтқанда, «қызыл» сызық талабын сақтамаған нысандарды сүру бойынша нақты тапсырма жүктеген болатын. Бұл тапсырманың орындалу барысы облыс әкімдігінде өткен кезекті кеңесте жан-жақты сараланды.
Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша коммерциялық кәсіпорындар құрылысының заңдылығына тексерулер жүргізілгенін жеткізді. Тексеру барысында барлығы 123 нысанның «қызыл» сызық талабын бұзғандығы анықталған десек, бүгінге дейін оның 85-і сүрілген. «Қалған 38 нысанға қатысты аудандық әкімдіктер тиісті шара қолданбай отыр», - деді Арман Әбдешов.
Биылғы жыл басынан бері «қызыл» сызықтан асқан тағы 80 нысан анықталған. «Аудан әкімдері құрылыс нормалары мен ережелерін бұзуды жою бойынша нақты шаралар қабылдауға құлықсыз. «Қызыл» сызыққа қатысты мәселе бірінші рет талқыланып отырған жоқ. Заңсыз салынған нысандарды бұзып жатқанымызбен, мына жақтан тағы да заңсыз жаңа нысандар бой көтеруде. Демек, жауапты органдар мен әкімдіктер бірлесіп жұмыс істей алмай отыр. Бәрі жауапкершілікті бір-біріне ысыра салуға дайын. Ресми хаттар жолдап қойып, жауабын күтіп отыруға үйренгенсіздер. Ал, нақты жұмысты бастауға ешкім асығар емес. Бұл бюрократия қашан аяқталады?» – деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сылбыр жұмыстарды сынға алды.
Аймақ басшысы құрылыс саласындағы бұзушылықтарды қысқа мерзімде жою бойынша арнайы іс-шаралар кестесін әзірлеуді тапсырды. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері салынып жатқан нысандардың иелерінде тиісті рұқсат құжаттарының бар-жоқтығын зерделеп, дер кезінде қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына да құрылыс жұмыстарының сапасын қадағалау тапсырылды. Сонымен қатар, басқосуда сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары саласында көрсетілетін 11 мемлекеттік қызмет топтастырылған арнайы геопортал құру мәселесі де сараланды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз