Жамбылда 26,4 мың компьютерге 4,1 млрд. теңге бөлінген
- авторjambylinfo.kz
- 21 тамыз, 2020
- 287
Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен тікелей эфир өтуде. Онда Ержан Жұматұлы жаңа оқу жылына дайындық барысы және облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы туралы баяндап, жолданған сұрақтарға жауап бермек.
Өз сөзінде қашықтықтан оқыту үрдісінде бірнеше мәселелер туындайтынын айтқан аймақ басшысының орынбасары оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлермен қамтамасыз етілуі, интернет мәселесін шешу қажеттігін айтты.
– Аталған мәселе облыс басшылығының тікелей бақылауында болғандықтан, біз келесі жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Қазіргі таңда облыстағы 234 715 оқушының 134,8 мың жеке компьютер, ноутбуктармен қамтылған. 99,8 мың оқушыда компьютерлік техника жоқ.
Жыл басынан облыс мектептеріне жергілікті бюджет есебінен 2,6 мың компьютерлік техника сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы да 4,5 мың компьютер сатып алу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда мектептердегі оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы барлық компьютерлер саны 25,6 мыңды құрайды.
Ең бірінші кезекте облыста аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға үлестіріледі. Бұл санаттардың қатарында облыс бойынша 40 мың бала бар, – деді Ержан Жұматұлы.
Сондай-ақ, қосымша республикалық бюджет есебінен қашықтықтан оқытуға дайындық жұмыстарының іс-шаралары шеңберінде оқушыларды компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге 26,4 мың дана компьютерге республикалық бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлінген.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз