Жамбылда аса ауыр қылмыс көрсеткіші 48,3 пайызға төмендеді
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 17:17
- 26
Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Полиция департаментінің жеке құрамына ІІМ алқасында министр Ержан Саденов белгілеген негізгі талаптарды жеткізді, деп хабарлады Jambylinfo.kz
2025 жылғы жедел-қызмет қорытындылары бойынша өткен кеңесте Жамбыл облысындағы құқықтық тәртіптің жай-күйіне кешенді талдау жасалды.
Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты оң динамика қалыптасқанын атап өтті.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 18,9%-ға, ал көшелерде тіркелген қылмыстар 13,4%-ға азайған.
Қ. Сұлтанбаев аса ауыр қылмыстардың 48,3%-ға төмендегенін, бұл ең қауіпті қылмыстық көріністердің тұрақтанғанын көрсететін маңызды көрсеткіш екенін айтты. Адам өлтіру қылмыстарының ашылуы 100%-ды құрады.
Ұрлық қылмыстары 30,7%-ға қысқарды. 18 қылмыстық топ құрықталып, 74 мал ұрысы ұсталды.
Заңсыз айналымнан 9 тонна 242 келі есірткі заттары тәркіленді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,25 тоннаға артық. Синтетикалық есірткілерді тәркілеу көлемі 2,5 есеге өсті.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтықпен күрес әлі де өзекті мәселе болып қалуда. Бұл бағытта Ірі алаяқтық схемалардың жолы кесіліп, 1 982 банктік шот бұғатталды, 65 млн теңгеден астам қаражаттың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.
Кәмелетке толмағандарды қорғау басым бағыттардың бірі болып отыр. Жасөспірімдерге қатысты жасалған қылмыстар саны 15,8%-ға төмендеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де ерекше атап өтілді. Мал иелерінің тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты жануарлардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары 30%-ға артқан.

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мас күйінде жасалатын қылмыстардың алдын алу, есепте тұрған тұлғалармен профилактикалық жұмыс күшейтілді.
— Нақты аналитикалық деректердің болуы басқарушылық шешімдерді нысаналы қабылдауға берік негіз қалыптастырып, басымдықтарды уақтылы түзетуге және бөлімдер жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деп атап өтті ПД бастығы.
Кеңес қорытындысында Ішкі істер министрінің орынбасары профилактикалық жұмысты одан әрі күшейту қажеттігін атап өтіп, полиция қызметкерлерін анықталған кемшіліктерді жоюға бағыттады.





