жексенбі, 22 желтоқсан, 2024 11:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир басталды

Жамбылда Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир басталды
Jambylinfo.kz
Жарыстың жүлде қоры - 30 000 АҚШ доллары

Жамбыл облысында КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды  Jambylinfo.kz
Бүгін Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған турнирдің ашылу салтанаты өтті. Спорттық шараның ашылу рәсіміне облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, дзюдо федерациясының вице-президенті және спорт ардагерлері қатысты. Басқарма басшысы турнирдің шымылдығын түріп, спортшыларға сәттілік тіледі. 

-    Жамбыл спортының атын алысқа шығарған жерлесіміз, КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған дзюдодан 2007-2008 жылдары туылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир жиырмасыншы рет өз жалауын көтергелі тұр. Бұл жарысқа алыс жақын шетелдің спортшылары, және Қазақстан Республикасының ең мықты татами шеберлері бақтарын сынайтын болады. Татами шеберлері мен қадірменді қонақтарға Тараз қаласына «қош келдіңіздер!» демекпін! Бақытжан Ташметов қазақ күресінен Қазақ ССР-нің спорт шебері, дзюдо және самбодан Кеңестер Одағының спорт шебері. Сонымен қатар, Бақытжан Ташметов тек даңқты спортшы ғана емес талантты жаттықтырушы ретінде де көпшіліктің құрметіне бөленген азамат. Оның тәрбиесін алған шәкірттері Ғалымжан Сапарғалиев, Нуриддин Дауызов, Леспек Дауызов, Тимур Абзаловтармен тағы басқалардың самбо күресінен КСРО чемпионаттары мен Азия чемпионаттарында топ жарғанын бүгінгі салтанатты сәтте баса айтқан жөн болар. Ал, бүгінде Бақытжан Әшірметұлының боз кілемде салған сара жолын оның талантты ізбасарлары табысты жалғап келеді.  Сондықтан да, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға жетелейтін осындай дәстүрлі жарыстардың алар орны ерекше болары сөзсіз.  Өйткені, спорт әрбір жас ұрпақты туған Отанын сүюге, Атамекенін ардақтауға және олардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға ерекше жол салады деп есептеймін. Бүгінгі жарыс спортшыларға жеңіс, бапкерлерге табыс әкелсін! Дзюдодан КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған XХ халықаралық турнирді ашық деп жариялаймын!,- деді Ернар Ибраимов.  

Бұдан соң спорт ардагері Марат Жақыт сөз алып, Ташметов турнирінің маңыздылығын айта келе, жас спортшыларға ізгі тілегін арнады.

-    Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін Бақытжан Ташметовтың турнирі биыл да жалғасын тауып отыр. Біз де 80-ге келсек те осы жарысты көруге келіп отырмыз. Бақытжан менің ең алғашқы оқушыларымның бірі болған еді. Өзінің күш-қайратынан бөлек, ұйымдастырушылық қабілеті мықты болатын. Ауылда алғаш рет күресті бастаған. Ол ауылдан қазір Азия, әлем чемпиондары шықты. Бірақ Бақытжан Ташметов оны көре алмай кетті. Бұл турнирдің өтіп жатқаны келер ұрпаққа үлгі деп есептеймін. Ел спортын дамыту үшін еңбек еткен адамдарды еске алып отырған қандай ғанибет. Осы жарысқа қатысқан жас балуандар үлкен биіктерді бағындырып, Қазақстанның көк туын көкте желбірете берсін. Турнир жалғасын таба берсін. Тілейтінім тек сәттілік,- деді Марат Жақыт. 

2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир Әулиетада 20-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттерінің татами шеберлері мен еліміздің облыстары және қалаларынан жасақталған құрамалар бақ сынайды. Турнир 3 күнге созылады. 
Айта кетейік, жарыстың жүлде қоры 30 000 АҚШ долларын құрап отыр.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар