Жамбылда балаларға арналған Президент шыршасы өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 24 желтоқсан, 2024
- 66
Бүгін "Баласағұн" орталық концерт залында балаларға арналған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңа жылдық шыршасы өтті. Мемлекет басшысының мерекелік шыршасына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Айтулы мерекелік думанға аудандар мен Тараз қаласынан, арнайы мектеп интернаттардан, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан 200 бала шақырту алған.
Президент шыршасына қатысқан Ербол Қарашөкеев балаларға өзінің игі тілегін жеткізіп, оларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Ал, мерекелік шараға қатысушы балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, көпшілік көзайымына айналды. Арнайы дайындалған концерттік бағдарлама барысында Аяз ата мен Ақшақар және түрлі жаңа жылдық кейіпкерлер балаларға қызықты ойындар ойнатып, қатысушыларға тамаша көңіл-күй сыйлады.
Шара соңында балаларға Президенттің атынан құттықтау қағазы, тәтті сыйлықтар және 120 мың теңгенің сертификаттары табысталды.