Бұл жайында Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков айтып берді. Оның сөзінше, өңірдегі мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 млн 427 мың 34 гектар аумақты алып жатса, орман ағаштарымен көмкерілген жер 2 млн 357 мың 123 гектар болады екен. Ал оларды қорғау, күтіп ұстау жұмыстарын атқаратын орман шаруашылығы мекемелерінде барлығы 910 қызметкер бар. Ұжымның иелігіндегі орман қоры 33 орманшыға және 305 орман айналымына бөлінген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму бағытына басымдық бергені рас. Президент еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту шараларын іске асыруды шегелеп тапсырды онда. Сонымен қатар, экология мен биоалуандықты қорғау мақсатында жаңа Экологиялық кодекс қабылдау қажеттігін міндеттеп, алдағы 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу арқылы көгеріштендіру жұмыстарын жетілдіру керектігін баса айтьы. Бұл тапсырма негізінде отырғызылатын ағаштар көлемін алдағы 5 жылда межеге жеткізу үшін Жамбыл облысы бойынша кемінде 2 есеге көбейту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аймақтағы орманды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспарын жаңа нұсқада дайындап, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне келісуге жолдадық. Сондай-ақ көшет өсіретін тұқымбақтар санын 2 есеге, яғни 93,2 гектарға арттырдық. Келесі жылы сол тұқымбақтардан алынатын көшеттер саны орташа есеппен 16 млн 526 мың дана болады деп күтілуде, - деді Аслан Ұланұлы.
Жалпы, облыста жыл сайын ормандарды молайту және орман өсіру үшін мемлекеттік орман қоры аумағындағы 5000 гектар жерге ағаш көшеттері егіліп, тұқымы себіледі екен. Биыл орман екпелерін отырғызуға 3050 гектар жоспарланып, толық орындалған. Оның ішінде, 2700 гектары сексеуіл екпелері болса, 350 гектары қарағаш көшеттері, көктем айларында отырғызылған. Енді тағы 2250 гектарға күз айларында сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 500 гектар сексеуіл тұқымын себуге қаражат бөлініп, 2250 гектарға сексеуіл себуге жер дайындау және сексеуіл тұқымын жинау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті тұқым көлемі – 27 854 килограмм.
2022 жылдан жаңа қадамдық жоспарға байланысты орман қоры екпелерін 3500 гектарға, себу жұмыстарын 2750 гектарға арттыратын боламыз. Басқармаға қарасты 15 орман шаруашылығы мекемесінде биыл 49 гектарға тұқымбақ (қарағаш, жүзген, сексеуіл) жасақталып, қарағай, шырша, арша секілді 25 000 дана әртүрлі қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Күзгі санақ қорытындысымен көшет санының толық есебі алынатын болады. Орманды молайтуға және өсіруге бөлінген 49 млн 354 мың қаражат игерілді. Бұған негізінен тұқым жинау, жерді дайындау, көшет отырғызу, көшеттерді қазу, биылғы және былтырғы көшеттерге күтім жасау, қылқан жапырақты ағаштар отырғызу сынды жұмыстар атқарылды, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, былтыр орман ағаштарын ауру ошақтарынан және зиянкестерден қорғау үшін 2788 гектар жерге өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 16,7 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Ал биыл 909 гектар аумақта осындай шаралар атқарылса, келесі жылы 2577 гектар жердегі орман ағаштарын зиянкестерден қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарда тұрған көрінеді.
Аслан Оразбеков орманды өрттен қорғау бағытындағы шаруаларды да сөз етті. Жамбыл облысында жыл сайын өрт қауіпі жоғары маусымда тиісті нормативтік құқықтық актілер дер кезінде қабылданады екен. Өрттің алдын алуда 4,5 шақырым жаңадан жасалған минералдандырылған жолақтар, 11 150 шақырым минералдандырылған жолақтарға күтім жасау жұмыстары орындалыпты. Орман қорын күзету және патруль жасауға, өртті өшіру мен зерттеуге ағымдағы жылы 150 мың литр жанар-жағармай бөлінсе, 61 мың литр дизель отыны дайындалған. Бұл мақсатқа 78 млн 364 мың теңге қаражат қаралды.
Орман қорындағы орманшылықтарда 32 өрт бақылау мұнарасы орнатылған. Қауіпті аумақтардағы 61 бекетте кезекшіліктер құрылып, жұмыс атқарылуда. Орман күзеті қызметшілері мен өрт сөндіру станциялары 216 дана рациялық байланыс құралымен, оның ішінде 65 стационарлық, 39 автомобильді, қолға ұстап жүретін 112 рациямен және 1100-дей бастапқы өрт сөндіру құрал-саймандарымен қамтамасыз етілді. Мойынқұм ауданында орналасқан «Қазавиа орман күзеті» РМК биылғы сәуірден бастап, қарашаның ортасына дейін ұшақ пен тікұшақ арқылы 3048 мың гектар орман қорына әуеден бақылау жасады, - деп атап өтті Аслан Ұланұлы.
Оның сөзіне қарағанда, мекемелер арасында оңтайландыру жүргізу арқылы бірінші үлгідегі 4 жасақтан тұратын 27 өрт сөндіру станциясы құрылып, 128 штат бекітіліпті. Бүгінде орман өрт сөндіру станцияларында жалпы саны 226 адам жұмыс атқарады. Ал аймақтағы мемлекеттік орман қоры аумағында биыл 17 өрт тіркелген. Мұның ішінде Байзақтағы 3 оқиға 341,06 гектарды қамтыса, Мойынқұмтағы 3 өрт 21240,7 гектарға жайылыпты. Луговой ауданы аумағындағы 2 оқиға – 485,4 гектарды, Меркідегі 2 оқиға – 6303,25 гектарды, Ұланбел маңындағы 2 оқиға – 1239,3 гектарды, Ақкөлдегі 3 оқиға – 2125,1 гектарды, Жуалыдағы 2 оқиға – 3579,1 гектарды, Қосқұдықтағы 1 өрт 11 гектарды шарпыған.
Орын алған орман өртінің көлемі 39424,9 гектарды құрады. Оның орманмен қамтылған аумағы 17625,1 гектар болса, ормансыз жер – 11079,1 гектар. Бұл төтенше оқиғалардан келген шығын 15 млн 353,6 мың теңгеге жетті. Ал аталған орман өрттерін сөндіруге жалпы саны 267 адам, 83 техника – 37 трактор мен 46 автокөлік жұмылдырылған болатын. Өрт оқиғаларына талдау жасай келе, 5 өрт оқиғасының найзағай оты әсерінен, 1 өрттің әкімшілік жерден, 4 өрт оқиғасының өрттің келесі орман қорына ауысуынан орын алғанын анықтадық. Ал 7 өрт оқиғасының шығу себебі белгісіз күйінде қалды, - деді басқарма басшысы.
Жауапты маман биыл жергілікті бюджеттен өтінім бере отырып, 209 млн теңге қаражатқа қол жеткізгендерін айтты. Оған 49 техника мен 51 негізгі құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Қазіргі таңда мекемелердің материалдық-техникалық базасы 75 ℅-ға жеткен.
Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры мен аңшылық алқаптарда, балық шаруашылығы су айдындарында немесе учаскелердің резервтік қоры аумағында 468 рейд пен тексеру жүргізілді. Табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға барлығы 172 хаттама толтырылып, 2320,1 мың теңге айыппұл салынды. Өндірілген айыппұл көлемі 1773,2 мың теңгені құрады, - деген Аслан Ұланұлы қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында 121 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және республикалық маңызы бар Балқаш көлінің 18 учаскесі бар екенін жеткізді.
Оның айтуынша, биылғы 15 ақпаннан бастап, 1 шілдеге дейін өңірдегі су айдындарында балық аулау лимиті 673,3 тоннаны құраған. Мұның ішінде Жамбыл облысындағы Балқаш көлінің квотасы 593,3 тонна болса, жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының лимиті 80,03 тонна болған. Ал межелі уақыт аралығында 666 тонна балық ауланған. Табиғат пайдаланушылардан жергілікті қазынаға 12 млн теңгеге жуық қаржы түскен.
Биылғы 1 шілдеден 2021 жылдың 1 шілдесіне дейін облыс аумағындағы су айдындарында балық аулау лимиті 1150,7 тоннаны құрады. Оның басым көпшілігі аймақтағы Балқаш көліне тиесілі болса, жергілікті маңызы бар су айдындарының лимиті – 227,7 тонна. Қазіргі таңда 800 тоннаға тарта балық ауланып үлгерді. Ал табиғат пайдаланушылардан бюджетке 13,9 млн теңге түсті, - деп атап өтті жауапты маман.
Аслан Оразбеков Жамбыл облысының мемлекеттік орман қоры аумағындағы жабайы аң-құстардың есебі Қызыл кітапқа жыл соңында енгізілетінін де айтты. Биылғы қаңтара жүргізілген санақтың қорытындысы бойынша аң-құстардың 20 түрі есепке алынған екен. Олардың ішінде 487 арқар, 1188 қарақұйрық, 70 үнді жайрасы, 35 аққу, 16 сілеусін, 86 бүркіт, 200 бірқазан, 1329 бұлдырық, 40 джек дуадағы, 849 безгелдек, 25 аққұтан, 64 ұбақ, 28 тассусары, 40 қарабай, 346 дуадақ, 12 ителгі, 29 жапалақ, 38 үкі, 81 қарақұс және 4 қарбарысы бар.
Бүгінде 48 аңшылық алқаптың 44-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілді. Алдағы уақытта бос 4 аңшылық шаруашылық конкурс арқылы үлестіріледі. 2020 жылы жануарлар дүниесін пайдалануға, яғни, жабайы аң-құстың 17 түріне аңшылық жасауға, 43 626 дарақ аулауға рұқсат етілген. Мұның 6664-і аң болса, 36962-сі құс болуы керек, - деген ол өңірде ерекше қорғалатын 10 табиғи аумақ бар екенін мәлімдеді. Оның 6-уының республикалық маңызы болса, 4-уінің жергілікті маңызы бар.
Жауапты маманның айтуынша, былтыр жергілікті әкімдіктің қаулысымен Қордай ауданында аумағы 369970 гектарды құрайтын «Қордай-Жайсаң», 148300 гектарға созылып жатқан «Жуалы-Қарашат» мемлекеттік табиғи қаумалдары құрылыпты. Ол маңдарда Заңға сәйкес аң аулау толығымен тоқтатылған. Биыл да бұлардан басқа ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру іс-шарасы өз жалғасын тауып жатқан көрінеді. Мәселен, «Меркі» мемлекеттік табиғи қаумалдың негізінде «Меркі» мемлекеттік өңірлік парк құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаруаны БҰҰ даму бағдарламасы бойынша «ЭкоПроект» ЖШС атқару үстінде.
Қазіргі таңда «Меркі» мемлекеттік өңірлік парк құрудың жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы жасалып, 115000 гектар аумақ ұсынылды. Бұл парк құрылған жағдайда таудағы 2 аңшылық шаруашылық – «Гранитогорское» мен «Аралтөбе» жұмыстарын тоқтатады. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов пен Жамбыл аудандарының таулы аумақтарынан ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру үшін жарылыстану ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға былтыр 6,2 млн теңге қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу арқылы ашық конкурста «AspanTau» ЖШС жеңімпаз атанып, тиісті шаруаларды атқарды, - деді Аслан Ұланұлы.
Оның мәліметінше, бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрылса, қаумалдың жалпы көлемі шамамен 128846 гектарға жететін болады. Қаумалға «Сұлутөр-Ботамойнақ» деген атау берілмек. Ал таудағы «Таулы Луговой», «Қарақыстақ», «Сұлутөр», «Қайыңды», «Көгершін», «Ботамойнақ» сынды 6 аңшылық шаруашылықтың жұмыстары тоқтатайды және аң аулауға толық тыйым салынады екен. Биылғы қаңтарда Т.Рысқұлов пен Жамбыл аудандарының таулы аумақтарында ерекше қорғалатын табиғи аумағын құру туралы жаратылыстану-ғылыми негіздемесінің жобасы бойынша ашық отырыс нысанындағы қоғамдық тыңдау өткен. Нәтижесінде жоба көпшілік дауыспен қолдау тауып, Жамбыл облыстық экология департаментінен мемлекеттік экологиялық сараптама да алыныпты. Қыркүйекте облыс әкімінің қаулысымен құрылған комиссия табиғи аумақты құруға арналған жер учаскелерін қаз-қалпында тексеріп, оң шешім қабылдады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз