Жамбылда ерікті мемлекеттік қызметшілер қайырымды іспен айналысып жүр
- авторМағжан Орынбасар
- 6 маусым, 2024
- 611
Бүгін «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші орган отырысында аудандарда құрылған «Руханият» еріктілер қозғалысының атқарған жұмыстары айтылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жиында Қордай, Шу аудандарында мемлекеттік қызметшілерден құралған «Руханият» еріктілер қозғалысының жұмысын аудан әкімі аппаратының басшылары баяндады. Мәселен, Шу ауданында 199 мемлекеттік қызметші болса, соның 65-і еріктілер қозғалысына тартылған. Жасаған қайырлы істері аз емес. Тіпті қайырымдылық үшін қара жұмыс та істеп жүр.
"Жұмыстан тыс уақыттары қағаздан бөлек қара жұмыста да аянып қалмаған мемлекеттік қызметшілер ең әуелі асарлатып, баспана құрылысына белсенді атсалысты. Атап айтсақ, Белбасар ауылындағы «Асар жобасымен» басталған үйдің құрылысына 20-дан астам мемлекеттік қызметші мен «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері қатысып, тұрғын үйдің тұрғызылуына үлес қосты. Олар үйдің төбесіне лай төсеп, еденіне бетон құю жұмыстарын жүргізді",- деді Шу ауданы әкімінің аппарат басшысы Нариман Абай.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов ерікті мемлекеттік қызметшілердің жасаған толайым ісін оң бағалады. Сонымен қатар, мұндай қайырымды іске әр азамат ерікті түрде кірісуі керектігін айтты.
"Түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру барысында күштеу, мәжбүрлеу болмасын. Әр мемлекеттік қызметші осындай қайырымды іспен айналысамын дейтін болса, нұр үстіне нұр. Егер мүмкіндігі болмаса қыстаудың қажеті жоқ. Ерікті болу үшін әр мемлекеттік қызметшінің ерік-жігері болуы керек",- деді Руслан Шарипов.
Ұқсас жаңалықтар
Қордай ауданы мешіт салу бойынша көш бастап тұр
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024