Жамбыл жаңалықтар
Жамбылда «Остеосаркома» қатерлі ісігіне алғаш рет күрделі ота жасалды
- авторjambylinfo.kz
- 2 маусым, 2021
- 156
Жамбылда «Остеосаркома» қатерлі ісігіне алғаш рет күрделі ота жасалды
Жамбылдық дәрігерлер өңірде алғаш рет «Остеосаркома» қатерлі ісігіне күрделі ота жасады.
23 жастағы Тараз қаласының тұрғыны ауруы жанына батып, бір аптадай аяғынан жүре алмай қалған соң, Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық құрылымына қайырылады. Медициналық тексерістен өткізілген соң, оның сан сүйегінде қатерлі ісіктің барлығы анықталады. «Остеосаркома» деп аталатын қатерлі ісік, сүйек тінінен пайда болады және ол сүйектерде кездесетін қатерлі процесс.
Мұндай жағдайда уақыт өткізбей шұғыл түрде хирургиялық операция арқылы ісікті алып тастау қажет. Жамбыл облысында мұндай ота түрі бұрын-соңды жасалмаған. Ол үшін науқастар Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы арнайы орталықтарға жіберілетін. Жергілікті дәрігерлер өзара кеңесе келе, бірауыздан ота жасауды ұйғарады. 2 сағаттан астам уақытқа созылған күрделі ота түріне хирургтар мен онкологтар барын салады. Сәтті жасалған отадан соң, науқас жансақтау бөліміне кейінірек палатаға ауыстырылған. «Денсаулығым жақсы. Қазір еш жерім ауырмайды, сүйемелдесе жайлап жүре аламын. Мені аяққа тұрғызған дәрігерлерге алғысым шексіз. Енді мен алдағы уақытта қайтадан спортпен айналыса алатын болдым. Қуанышымда шек жоқ», - дейді 23 жасар тараздық. Мамандардың пікірінше, бұл өте сирек кездесетін кесел. Медицина тілімен айтқанда, саркомаға уақтылы операция жасамаса, кейін кеш болады. Мұндай жағдайда жігіттің аяғын кесуге тура келетін еді. Онкохирургтер қатерлі ісікті алып қана қоймай, эндопротез имплантациясын да қойды. Енді ол тізе буыны қызметін атқарады.
«Бұрын мұндай диагноз қойылған науқас үшін біздің медицина дәрменсіз болатын, ал қазір ісік жайылып кетсе де күресе алатын жағдайға жеттік. Енді пациент әрі қарай химия, сәуле терапияларын алып, емделе алады. Біз жаңа технологиялардың көмегі мен заманауи қондырғылардың арқасында науқастың аяғын сақтап қалдық. Енді оңалту шараларынан кейін, пациентіміз толыққанды өмірге оралады», - дейді онкологиялық құрылымның онкохирургі Жандос Сейдахметов. Алдағы уақытта Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының онкологиялық құрылымында мұндай ота түрі жасалатын болды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала