сенбі, 15 ақпан, 2025 15:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық төрт қаламгер «Қазақстанның Құрметті Жазушысы» атанды

Жамбылдық төрт қаламгер «Қазақстанның Құрметті Жазушысы» атанды
Фото - Jambylinfo.kz
Облыста шығармашылық өкілдерін қолдау бойынша кешенді шаралар қабылданбақ

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Жазушылар одағының РҚБ Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен кездесті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Жиында Ербол Қарашөкеев Жазушылар одағының ел бірлігін нығайтып, ұлт руханиятын байыту үшін жасаған еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. Сонымен қатар өңірде де шығармашылық иелеріне тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келе жатқанын, бұл үрдіс болашақта да жалғаса беретінін жеткізді. 

Бұдан кейін сөз алған Мереке Құлкенов облыс әкіміне жазушылар одағының атынан бірқатар ой-ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда,  Тараз орталығында Шығармашылық үйін салу, өзге өңірлерде еңбек етіп жүрген әдебиет өкілдеріне «Жамбыл топырағында туған көрнекті қаламгерлер» атты әдеби сыйлығын, Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» әдеби сыйлығын тағайындау, жыл сайын Шерхан Мұртазаның туған күніне орай ауқымды форум өткізу, қала орталығынан қаламгерлер аллеясын ашу, жазушылар одағының облыстық филиалының мүшелеріне стипендия беруді қарастыру сынды бірқатар мәселені алға тартты. 
Сонымен қатар жазушы Пернебай Дүйсенбин, драматург Елен Әлімжан, ақын Шырын Мамасерікова сөз алып, өңірдің әдеби өміріне қатысты ойларын ортаға салды. 

Осы ретте Ербол Қарашөкеев айтылған ұсыныс, ой-пікірлер ескерілетінін атап өтті. Сондай ақ биылдан бастап аймақтағы жазушылар одағының мүшелеріне 500 мың теңге көлемінде стипендия берілетінін айтты.

 

Жиын соңында Елен Әлімжан, Шырын Мамасерікова, Қайырбек Асанов, Көсемәлі Сәттібайұлына «Қазақстанның Құрметті Жазушысы» атағы беріліп, талантты ақын Жұлдыз Бейсек пен Нұржан Әліш жазушылар одағына мүше атанды.  Қаламгерлерді Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов марапаттады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар