Жамбылдық жолшылар өз ізбасарларын даярлауда
- авторБақытжан Бекболат
- 30 қазан, 2025
- 166
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін білікті техникалық кадрларды даярлау қажеттігі жөнінде атап өткен болатын. «Бәріміз білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға құмарлықтың заманы өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Өнеркәсіптік инженерлердің жаңа буынын өсіру қажет», – деді Президент.
Айта кетейік, бұл күнде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» бастамасымен «2000 мектеп» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жалпы, бұл бастама еліміздің жол-құрылыс саласындағы кадр тапшылығын шешуге бағытталған. Ал жобаның басты міндеті – болашақ талапкерлерге жол саласының негізгі бағыттары мен тұстарын түсіндіру, саладағы артықшылықтар мен перспективаларды сипаттау, оқу орындары мен мамандықтар жөнінде хабардар ету сондай-ақ, оқушыларды қызықтыратын сан сауалға тұшымды жауап беру. Міне, осылар сәтті жүзеге асқан жағдайда бұл салаға аса қажетті мамандар: машинистер, механиктер, бетоншылар, автогрейдеристер, асфальтбетоншылар және зертханашылардың саны артады деп күтілуде.
Осы күнге дейін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалында мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін бірнеше рет «Ашық есік күні» ұйымдастырғаны белгілі. Іс-шара барысында келушілер мекеменің тыныс-тіршілігімен танысса, жамбылдық жолшылар болашақ ізбасарларына білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісті.
– Шара барысында колледж студенттері өздеріне қажетті ақпаратты алды деген ойдамын. Әріптестеріміз бірге мекеменің жай-күйімен толыққанды таныстырдық. Әлбетте, кез келген жастың алдағы уақытта өз ісінің шебері болуы өзі үшін де, қоғам үшін де аса маңызды. «Ашық есік күні» жастардың жаны сүйетін мамандықты таңдауына бағыт-бағдар береді, – деген еді өңірлік филиалдың жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбаев.
Жалпы, еліміздегі 8 іргелі жоғары оқу орнында жол саласына қажетті мамандар даярланады. Ал қазіргі таңда бұл салада жол-зертхана шеберлері, арнайы техникаларды жүргізетін операторлар сынды мамандар тапшы. Қуанарлығы, Ернұр Каманов пен Алмаз Тұрсынбекұлы сынды тараздық жастар алдағы уақытта жолшы болуға ниет етіп отыр.
Ұқсас жаңалықтар
Президент Жолдауы: Облыс әкімдігінде жиын өтті
- авторМағжан Орынбасар
- 4 желтоқсан, 2025






