Жарты миллиард қаржыны жымқырған әке мен бала: шетелге қашқан жамбылдық шенеуніктер жайлы жаңа деректер анықталды
- авторМағжан Орынбасар
- 18 наурыз, 2024
- 982
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаевтың айтуынша, былтыр жарты миллиард қаржыны жымқырып, қылмыстық қудалаудан қашып жүрген 5 адам ұсталған, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Жағыпар Исатаевтың сөзінше, қаржыға құныққандардың бірі мектепке бөлінген ақшаны жеке мүддесіне жұмсаса, кейбірі шаруаларға берілетін субсидияны заңсыз иемденген. Бүгінгі күні олардың ісі сотқа жолданған. Департамент өкілі мәлімдегендей, мемлекеттің қаржысын қалтаға басқандардың ең ірі сомасы 310 млн теңге.
"2023 жылы ақпан айында Шымкент қаласында 310 млн теңге көлемінде картоптың элиталық тұқымын алуға арналған субсидяларды жымқыру қылмыстың ұйымдастырушы ұсталды. Сол жылдың мамыр айында қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабының 4 бөлігі бойынша сотқа жіберілді",- деді Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі
Сондай-ақ бүгінгі күні жамбылдық 3 азамат іздестіріліп жатыр. Оның ішінде «Таразэнергоцентр» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов пен оның ұлы Рахат Бөлдеш те бар. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісінің сөзінше, аталған 3 тұлғаның 2-еуі шетел асып кеткен. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.
"Байқап отырғандарыңыздай, іздеуге салынған адамдар табылып, олардың ісі сотқа жолданып жатыр. Бүгінгі күні 3 адамға іздеу жарияланған. Олардың ішінде Бақберген Мәуленов пен оның ұлы Рахат Бөлдеш бар. Бірақ мен олар жөнінде толық ақпарат бере алмаймын. Өйткені жедел іздестірудің заңы бойынша іс-шаралар өтіп жатыр. Нәтиже болады деп үміттенеміз. Оларды ұстауға барлық жұмыс жасалып жатыр",-деді Жағыпар Исатаев
Айта кетейік, «Таразэнергоцентр» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов пен оның ұлына бақылаудағы ұйымның директоры Рахат Бөлдешке мемлекетке тиесілі 4,3 миллиард теңгені жымқырды және жалған кәсіпорындар құрған желі арқылы ақшаны жылыстатты деген айып тағылған болатын. Деректерге сүйенсек, «Таразэнергоцентр» АҚ-ның экс-төрағасы сотқа келмеген. Артынша іздеу жарияланған.