сәрсенбі, 27 қараша, 2024 12:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жасыл желектерге күтім қажет

Жасыл желектерге күтім қажет
ашық дереккөзі
Жасыл желектерге күтім қажет
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және күзгі 2 айлық санитарлық тазалық жұмыстарының өту барысы талқыланды.
Айта кетейік, онлайн режимінде өткен басқосу облыс әкімдігінің Youtube арнасынан және ресми сайты арқылы таратылды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, биыл елді мекендерді абаттандыруға және санитарлық тазалыққа бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінген. Тараз қаласы және облыстың барлық аудандарында сенбіліктер өткізілуде.
16 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 600 шақырымнан астам каналдар мен арық жүйелері, 1404 шақырым көше бойлары тазартылып, полигонларға 1860 тонна қоқыс шығарылған. Саябақтарда гүлзарлар отырғызылып, ал іргелес аумақтар түрлене түскен.
Алайда барлық аудандарда абаттандыру шаралары жоспарға сай жүргізіліп отырған жоқ. Мәселен, Байзақ, Жамбыл, Жуалы,Т.Рысқұлов аудандарының ауылдары мен Тараз қаласының көшелерінен қоқыс үйінділерін көптеп кездестіруге болады.
- Айта кету керек, соңғы екі айда облыс орталығында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС арнайы техниканың санын 16-дан 26 бірлікке арттырды.  Жергілікті бюджет есебінен сатып алынған 700 контейнер қаладағы қоқыс алаңшаларына орнатылды. Тағы осындай 1000 дана контейнер сатып алу жоспарланып отыр, - деді Қ.Қорғанбаев.
Бердібек Сапарбаевтың сауалына жауап қатқан аталған аудан әкімдері экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтындықтарын және тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығына сендірді.
- Таразда және аудандарда ағаштар мен бұталардың қурап жатқандығына қатысты тұрғындар шағымдануда. Себеп дұрыс суарудың ұйымдастырылмауы. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы да, аудан әкімдері де бұл мәселенің шешілуіне мүдделі. Бұл тұрғыда қомақты қаражат бөлінеді. Тараз аумағын абаттандыру мен санитарлық тазартуға екі миллиард теңге қарастырылған. Ал, оның нәтижесі қайда? - деді облыс әкімі.
Жамбыл және Сарысу аудандарында да осы мақсатқа көп қаражат бөлінген, бірақ көшет отырғызуға ақша жетпеген.
«Біз жылына тек екі рет қана ағаш отырғызамыз. Бұл мәселені қадағалау, ақша бөлу және ағаштардың жай-күйін бақылаа отыру мүмкін емес пе?» - деді аймақ басшысы.
Барлық аудан әкімдеріне және облыс әкімінің орынбасарларына Ұ.Жазылбек пен Б.Нығмашевқа елді мекендерді абаттандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
- Қар түскенше ешкім сенбілікті тоқтатпауы тиіс. Жергілікті тұрғындар белсенді қатысуы керек, - деді Бердібек Сапарбаев.
Ол каналдар мен арықтарды тазартуға ерекше назар аударды.
- Қазір бұл бағытта облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Біздің алдымызда барлық арналар мен суармалы арықтарды қысқа мерзімде тазалап, ретке келтіру міндеті тұр, - деді облыс әкімі.
Жиын соңында салтанатты жағдайда Бердібек Сапарбаев мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевты құрметті зейнет демалысына шығуымен құттықтады.
Облыстың Т.Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстамбековке де құттықтау жолдады. Ол «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» номинациясын жеңіп алған.
 
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар