бейсенбі, 22 мамыр, 2025 19:40

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жеңіс күні: Байзақтықтар мерекені кең көлемде атап өтті

Жеңіс күні: Байзақтықтар мерекені кең көлемде атап өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға жергілікті тұрғындар қатысты

Байзақ ауданындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына орай алдымен «Ұлы соғыс, Ұлы ерлік, Ұлы Жеңіс» тақырыбында аудандық конференция, содан соң Отан қорғаушы күніне орай салтанатты жиын өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Жиынға аудан әкімі Олжас Баққараев бастаған аудан басшылары мен мекеме қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен әскери қызметкерлер, қоғамдық ұйым жетекшілері мен ұстаздар қатысты.
-Биыл адамзат тарихындағы ең қасіретті Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Сұрапыл соғыста қаншама адамның өмірі қиылды. Елге мүгедек болып оралғандарда аз болмады. Жеңістің 80 жылдығын атап өту тек тарихты еске алу емес, оның зардабын ұғынып, сабақ алу арқылы бейбітшіліктің қадірін түсіну.
Бүгінгі конференцияның мақсаты – Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің сіңірген еңбегін, өмір жолын насихаттау, қазақ халқының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі және жастардың патриоттық сезімін ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады, - деген конференцияны жүргізуші, ақын, ауданның Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр соғыстың салған зардабы туралы бірнеше мәліметті келтіре кетті.
Конференцияда алғаш сөз алған Қазақ Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы полковник Қайсар Ділдақұлов «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» тақырыбында баяндама жасады.
Ол өз баяндамасында 1418 күнге созылған сұм соғыстағы қазақстандықтардың ерлігіне тоқталды. Сондай-ақ әскерилерді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі тыл ардагерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Ал Қазақстанның Құрметті журналисті, ауданымыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Тұрсынхан Толқынбаев «Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігі-ел есінде» тақырыбында баяндады.
Ол батыр жерлесіміздің биыл 105 жасқа толып отырғаны, 1944 жылдың 31 шілдесінде Польша жеріндегі Стжельцовизна деревнясы үшін болған шайқаста көрсеткен ерен ерлігі туралы жақ-жақты ақпарат берді. Оның ерлігі Қазақстан ғана емес Ресейде, Белоруссияда, Литвада ерекше ілтипатпен аталатыны айтылды. Жерлесіміз А.Суханбаевқа өз ауданымызда да құрмет көрсетіліп келе жатқаны, ол туралы бірнеше кітап шығарылғанын атап өтті.
А.Суханбаевтың ерлігін бейбіт өмірде жерлесі Ғазиз Байтасов, тағы да басқа бірнеше азаматтардың қайталағанын тілге тиек етті.
Ғ.Мұратбаев атындағы гимназиясының тарих пәні мұғалімі Жандар Талғатұлы «Бауыржан Момышұлы мұрасы: Бүгінгі күннің патриотизмі» тақырыбында қазақтың батыры, ұлт мақтанышы, даңқты қолбасшы, әскери қайраткер Б.Момышұлының ерлігі жайлы кеңінен қозғады. Қазақтың даңқты қолбасшысы, адуынды да қатал, темірдей тәртіп орнатушы, әскери басшы ғана емес қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, мейірімді тәрбиешісі де бола білді. Соғыс аяқталғанға дейін батальонды, полкты, ал соғыс аяқталғаннан кейін дивизияны басқарды. Кеште болса 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Конференция жұмысын қорытындылаған Қ.Нарбатыр енді мұндай соғыс болмауын айта келіп, елімізге тыныштық, әр отбасыға амандық тіледі.
*    *    *
Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиында аудан әкімі Олжас Баққараев жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтады.
-Еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ержүрек жауынгерлеріміз ерліктің арқасында жеңіске жетсе, енді оны қорғауда оңайлыққа түспейді. Бұл ретте еліміздегі Отан қорғаушыларына үлкен сенім артылуда. Ал міндетті әскерилеріміз міндеттерін өз деңгейінде атқарып келеді.
Ерлік майданда ғана емес бейбіт өмірде де кездесіп жатады. Соның бірі-өз ауданымыздың тумасы, бейбіт күнде қарулы қаскүнемді ауыздықтаған  полиция қызметкері Ғазиз Байтасовты, алапат өрт орын алғанда, кейбір облыстарда топан су басқанда да өздерінің Отансүйгіштік қасиетін көрсеткендер көп болды.
Тыл ардагерлерінде ерекше атап өтуге болады. Олар жеңісті жақындатуға мол үлес қосты. Басқада сол кезеңдегі еңбекшілердің еңбегі ерен болғанын айту орынды. Енді мұндай соғыс болмасын. Елімізде тыныштық, әр отбасында амандық болуын тілейміз, - деді аудан басшысы Олжас Елебекұлы.
Бұдан кейін аудан әкімі О.Баққараев Сарыкемер, Бурыл ауылдық округінің тұрғындары, тыл ардагерлері Нұрпейс Абдиманапов, Виктор Зубов, Салия Нарымбетова, Ибраш Туребаев, Бейсекүл Төлепбергенова, Уринбай Шамуратов, Әзімбай Мұсабаев, Ажаркүл Серубаеваларға «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
«Отан қорғаушы» және «Жеңіс күні» мемлекеттік мерекелеріне орай, еліміздің бейбіт өмірі мен болашағы үшін жасаған еңбегі, әскери қызметке қосқан үлесі үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің материалдық-техникалық қамтамасыз ету қызметінің басшысы Болат Жүнісов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ал ҚР Қорғаныс министрлігінің №28349 әскери бөлімінің инженерлік-саперлік ротасының инженерлік-техникалық взводының жүргізушісі Қуаныш Надирманов Алғыс хатымен марапатталды.
Бұлардан басқа да бірнеше еңбек озаты Байзақ ауданы әкімінің Грамотасы және Алғыс хаттарына ие болды.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

 

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар