Жуалылықтар Жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 12:10
- 36
Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында мемлекеттің Егемендігін, Тәуелсіздігін, унитарлық сипатын, аумақтық тұтастығын және басқару нысанының мызғымастығын бекітудің айрықша маңызын атап өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл тек құқықтық нормалар ғана емес, сонымен қатар жаһандық сын-қатерлер жағдайында елдің стратегиялық тұрақтылығын айқындайтын мемлекеттіліктің іргелі негіздері екені баса айтылды.
Преамбуланың маңызды мазмұнына ерекше назар аударылды. Онда Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау, Әділетті Қазақстан идеясы және Заң мен Тәртіп қағидаты көрініс тапты. Конституцияда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жарияланды. Сондай-ақ адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты деп танылды.
Кездесуге қатысушылар жаңа Ата заң жобасында мемлекет пен азаматтар арасындағы жауапкершілік теңгерімі сақталғанын атап өтті. Құжат қоғамдық келісімді нығайтып, адамдар мүддесіне және өңірлердің орнықты дамуына бағытталған заманауи басқару моделін қалыптастырады.
Әңгімелесу барысында Халық Кеңесін құру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бұл – біртұтас Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болмақ. Ассамблеяның барлық инфрақұрылымы мен бірегей тәжірибесі сақталып, өз жұмысын жалғастырады. Халық Кеңесі алаңында өңірлер, азаматтық қоғам және этномәдени бірлестіктер бір арнаға тоғысады. Яғни, халқымыздың көпэтносты үні бұрынғыдан да күшейе түседі деген сөз. Ассамблеяның жылдар бойы жиналған мол тәжірибесін ескере отырып, ол заңнамалық күн тәртібін дербес қалыптастыра алатын біртұтас отбасыға айналады.
Кездесу қорытындысында жұртшылық өкілдері жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және қуатты мемлекеттілікке деген негізгі сұранысына жауап беретінін атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа Ата заң Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуының берік құқықтық негізіне айналады.
Ұқсас жаңалықтар
«AMANAT» Әйелдер қанаты: Әйелдің үні – қоғамның үні
- авторМағжан Орынбасар
- 23 ақпан, 2026





