6 жастағы қыздың асқазанынан бір келі шаш шықты
- авторАяжан Дәулетбекқызы
- Бүгін, 09:51
- 179
Түркістан облысында 6 жастағы қыздың асқазанынан бір келі шаш шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүлдіршінді облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. 6 жасар пациентке ЭФГДС процедурасын жасаған дәрігерлер қыздың асқазанында бөгде зат бар екендігін анықтап, күрделі ота жасады.
Ота кезінде дәрігерлер бүлдіршіннің асқазанынан салмағы бір келіге жуық ұйысып қалған шаш алып шықты.
Анасының айтуынша, баланың ауырғанына 1 ай болған. Ол асқазан аймағының ауырсынуына, әлсіздікке, тәбетінің болмауына, салмағының төмендеуіне шағымданған.
– Отаның ұзақтығы бір сағатқа созылды. Ота өте сәтті өтті. Жалпы мұндай жағдайлар баланың қараусыз қалғанынан болады. Кішкентай балалар түрлі заттарды аузына салып, салдарынан ішке зиянды заттар жиналады. Бұл жағдай баланың өмірі үшін қауіпті болғандықтан, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауларын ескертеміз. Түркістан облыстық балалар ауруханасында хирургиялық көмектер тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетіледі, – деді, облыстық балалар ауруханасының балалар хирургі Мұқағали Темірбеков.