Ақтауда жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсететін жедел-жәрдем стансасының құрылысы басталды
- авторjambylinfo.kz
- 1 ақпан, 2025
- 283

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Президент тапсырмасына сай қайтарылған активтер әлеуметтік маңызды жобаларға бағытталуда. Соның ішінде Ақтауда жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсететін облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының құрылысы басталды. Бұл жобаға Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 4,6 млрд теңге бөлді.
Жаңа нысан Ақтау қаласының 34А шағын ауданында 2,6 гектар аумақта бой көтермек. Оның құрамына оқу-симуляциялық орталық, санитарлық көліктерге арналған жөндеу және жуу базасы кіреді.
Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге деп есептелген, оның ішінде 100 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 10%-ы аяқталған: жер қазу жұмыстары жүргізіліп, ішкі инженерлік желілер тартылды. Мемлекеттік қордан бөлінген қаражат жобаны белгіленген мерзімде толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Қала халқының саны бүгінде 200 мыңға жуық, ал бала туу көрсеткіші бойынша Ақтау алдыңғы қатарда. Соңғы 7 жылда қалада 10 жаңа шағын аудан бой көтерді. Жаңа жедел жәрдем стансасының салынуы тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етеді.
Бүгінгі таңда Үкімет Арнаулы мемлекеттік қор есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына 55,2 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 4 мектеп (біреуі музыкалық мектеп), 2 спорт кешені, көпсалалы аурухана, жатақхана және 2 балабақша бар. Сонымен қатар, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң аясында Арқалық, Астана және Алматы қалаларында жеке субъектілер есебінен бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз