"Ақ тілек": Жамбылымның жетістіктер жалғаса берсін - Оразкүл Асанғазы
- авторjambylinfo.kz
- Бүгін, 16:31
- 45
Қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының және Түркістан облысының Сарыағаш, Бәйдібек аудандарының, Жамбыл облысы Шу ауданының «Құрметті азаматы» Оразкүл Асанғазы жамбылдық жерлестерін Жамбыл облысының 85 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
"Алатау мен Қаратаудың түйіскен жерінде, еліміздің ауқымды аумағын алып жатқан Жамбыл облысы – туып-өскен өлкем, осындай топырақта дүниеге келіп, тәлімін алып өскенімді бір бақытым деп санаймын. Бүкіл жамбылдықтарды облыстың 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Жамбыл атамыздың «Атыңнан айналайын Әулие ата, атыңды мен алды деп болма қапа» дегеніндей, бұл өңір әлімсақтан киелі, тарихи жер. Әулие атамен бірге жерімізге нұр тарады, құт дарыды, бір мүддеге ұйыса білетін елдік қасиет келді. Қарахан бабаның, Айша бибінің, Тектұрмастың ізі қалған мекендегі бүгінде еңсе көтеріп тұрған кесенелері елімізді қорғап тұрар қалқандай көрінеді. Мұхтар Шахановтың «Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала» дегеніндей, халқымыздың тереңдегі тамырын танып, оны кейінгі ұрпаққа көрсетіп, кешегілерден қалған жәдігерлерді, қаншама балбал тастарды сөйлетіп, жыл құрғатпай мағыналы іс-шараларды ұйымдастырып, тарихтан тағылым алғызып жатқан облыстың түлегі болғанымызды мақтаныш етеміз. Бірлікке бастайтын, адамгершілік пен имандылықты үндейтін мерейтойларды бір үйдің баласындай жұмыла атап өтетін жұртымның барына марқаямын. Қызмет барысымен қаншама қалаларды, елдімекендерді аралап жүріп, Жамбыл облысының тамылжыған табиғатымен, тазалығымен, тұрғындарының кішіпейілділігімен ерекшеленетінін аңғарамын. Топырағының құнарлылығымен жері де бай, бір-біріне деген жан жылуымен елі де бай өлкемізде үнемі тек той болсын! Бірліктің туын биікке көтерер халқымыз аман, татулықты бақытына балайтын жұртымыз тыныш болсын!",- деп жүрекжарды тілегін жеткізді қоғам қайраткері.
Оразкүл Асанғазы ел абыройын асқақтатқан жерлестерімен әрдайым мақтанатынын алға тартты.
"Әлем елінің назарын аудартқан байрақты бәсекелерде топ жарып, елдің абыройын асқақтатқан спортшыларымыз Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ибрайымовтардың ізін жалғаған, биылғы олимпиадада күллі қазақтың даңқын арттырған Елдос Сметовтей баһадүрлерді тәрбиелеп түлеткен облысымыз еліміздің мәдениетін, әдебиетін, өнерін дамытуда да үлкен үлес қосып келеді. Жетістіктер жалғаса берсін! Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың жолын жалғап, дала төсінде тер төгіп, мал төлдетіп, егін жайқалтқан еңбекшілеріміз де Жамбылдың абыройлы атын кеңінен танытып жүр. Еңбектің елеусіз қалмайтыны ақиқат, адал қызметімен халқының қалаулылысы болар ұл-қыздарымыздың қатары көбейе берсін! «Жасампаз қала – Жамбылым» деп өлең жолдарында айтылғандай, жаңарған уақытта игіліктерге ілесе алға ұмтылған туған өлкемнің, жерлестерімнің жаңа өмірге жаңаша ойменен бірін бірі қолдап, еңбектері еселеніп, тек алдыңғы қатардан көріне берулеріне тілектеспін. Қазақтың әрбір шаңырағына шаттық ұяласын, әрбір ұжымға табыс пен сәттілік келсін!",-деді Оразкүл Асанғазы ағынан жарылып.
"
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз