Қазірдің өзінде 106 мың адам зейнетақыларын БЖЗҚ-дан сақтандыру компанияларына шығарып әкетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазақстандықтарға "зейнетақы аннуитеті" деп аталатын сақтандыру өнімі қолжетімді.
"Елімізде 2 жаңа өнім пайда болды. Біріншісі – кейінге қалдырылған аннуитет (отложенный). Екіншісі – бірлескен зейнетақы аннуитеті (совместный). Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті сақтанушы қазақстандықтарға 45 жастан бастап аннуитет келісімшартын жасасуға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда ол 55 жастан бастап зейнеткерлікке шығып, ай сайын және өмір бойы төлем алу құқығына ие болады", – деді қаржылық реттеу агенттігі төрайымының орынбасары.
Ал, бірлескен зейнетақы аннуитеті, Хаджиеваның түсіндіруінше, жақын туыстарға, атап айтқанда, ерлі-зайыптыларға БЖЗҚ-дан шығарып алған зейнетақы жинақтарын өзара біріктіруге мүмкіндік ұсынады. Мысалы, ерінің (әйелінің) жинағы қомақты, ал, зайыбының (не күйеуінің) жинағы тым мардымсыз болуы мүмкін.
Өмірді сақтандыру компаниялары ұсынатын жаңа өнім оларға зейнетақы аннуитетін бірге сатып алу мүмкіндігін ұсынады. Мұндай жағдайда жұбайлар 55 жастан соң бірлесіп, өмір бойы әрі тұрақты табыс таба алады.
Мария Хаджиева 2024 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елде 106 мың зейнетақы аннуитеті шарты қолданыста екенін хабарлады. Олар бойынша жалпы сақтандыру сыйлықақысы 655,4 миллион теңгені құрады.
Заңгер Дмитрий Куклиннің түсіндіруінше, егер шетелге кетпесе, БЖЗҚ-дағы бүкіл жинағын Қазақстан азаматтарының 2 санаты ғана толығымен қотарып ала алады.
Біріншісі – еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алған азаматтар: әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері. Толық тізімі Әлеуметтік кодекстің 212-бабында келтірілген.
"Екіншісі – сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адамдар. Бұл тәсіл азаматтарға зейнетақыны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік береді: ер адамдарға 55 жастан, ал, әйелдерге 52 жастан бастап. Шарт жасасу үшін БЖЗҚ-дағы жеке шотта белгілі бір соманы жинақтау қажет. 55 жастағы ер адамдар үшін 2024 жылы бұл жеткіліктілік шегі шамамен 8,5 миллион, 52 жастағы әйелдер үшін шамаман 11 миллион теңгені құрайды", – деді сарапшы.
Оның мәліметінше, аннуитет шартын 45 жастан бастап жасауға болады, бұл жағдайда жеткіліктілік шегінің минималды сомасы бұдан кем болады. Бірақ төлемдер тек ерлерге 55 және әйелдерге 53 жастан бастап төленеді.
Сонымен бірге, Қазақстанда 2028 жылдан бастап, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы өсірілетінін ұмытпаған жөн. Мамандар 2027 жылға қарай аннуитет бойынша әйелдерге төлем төлеуді бастау үшін ең төменгі жас 55 жасқа дейін ұлғаятынын, яғни, ерлермен теңестірілетінін еске салады.
Қорыта айтқанда, бұл тәсілмен не жоғары жалақылы мамандар, немесе орташа табысты бизнесмендер ерте зейнеткерлікке шыға алады. Қарапайым бұқара өкілдеріне 52-55 жасқа дейін 11 миллион теңгеге дейін зейнетақы жинағын жинай оңайға соқпас.
Өйткені, егер заң бойынша зейнетақы жарнасына жалақының 10 пайызы ұсталып, аударылатынын ескерсек, ер адам 55 жасқа жеткенше жалпы сомасы 110 миллион теңге жалақы алды деген сөз.
Сарапшылар тағы бір қызықты мәліметті келтірді: өмірді сақтандыру компанияларымен аннуитет келісімін бекіткен адамдар ерте зейнеткерлікке шығып қана қоймай, қос пенсия (!) алатын болады.
Бір жағынан, өмірді сақтандыру компаниясы клиентінің кезінде аударған жинағы таусылып қалса да, оған өмір бойы аннуитеттік зейнетақы төлейді.
Екінші жағынан, ол адам ресми зейнеткерлік жасқа жеткен соң, мемлекет пен БЖЗҚ-дан өзге зейнеткерлер қатарлы кәдімгі зейнетақыны да алады. Себебі, мемлекет зейнет жасына жеткен барлық азаматтарына базалық зейнетақы төлейді.
Мұнда бір сұрақ туындайды: егер азамат зейнетақылық аннуитет келісімін бекітіп, жинақтарын БЖЗҚ-дан өмірді сақтандыру компаниясына тегіс аударса, онда неге БЖЗҚ оған төлем төлейді?
Жауап қарапайым: егер 45 жаста аннуитет келісімін жасасқан адам ары қарай жұмыс істеуін жалғастырса, онда жұмыс берушісі оның жалақысынан 10 пайызын ұстап, ары қарай БЖЗҚ-ға аудара береді. Міне, келісім бекітіп, компанияға аударып алғаннан кейін шотына түскен жинақтар есебінен бұл қор оның болашақ зейнетақы төлемдерін қалыптастырады.
М.Хаджиеваның айтуынша, бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2023 жылғы желтоқсанда заң қабылданды. Оған сәйкес, биылдан бастап, сақтандыру компаниялары есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін және 55 жасқа толған қызметкерлерге жаңа әлеуметтік төлемдер төлеу тетігі енгізілді. Сарапшылар мұны да "ерте зейнеткерлікке шығу" деп атап жүр.
Өйткені өмірге, денсаулыққа залал келтіретін жұмыста, өндірісте істейтіндер 55 жастан кейін ол жұмысын тастаса, немесе жеңіл-желпі басқа қызметке ауыса, онда ай сайын аталған төлемді алып тұрады.
Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының түсіндіруінше, арнаулы әлеуметтік төлемді (АӘТ) тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: аталған жұмысты атқаратын адамның 55 жасқа толуы және БЖЗҚ-да кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы.
"Жұмыс берушілер кәсіптері мен қызмет түрлері "Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне" енгізілген жұмыскерлері үшін ай сайын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады. Ол кәсіптердің 2 мыңнан астам позициясы, түрі бар. Осылайша, арнаулы әлеуметтік төлем экономиканың 19 саласында, оның ішінде тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде және басқаларында жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі болады. Төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленеді", – деді басқарма өкілдері.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, АӘТ тағайындау үшін міндетті шарттарға 2024 жылы 37 мыңнан астам, 2030 жылы – 58 мыңнан аса, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.
Қаржылық реттеу агенттігі басшысының орынбасары биылғы жылдың 9 айында 8,7 мыңнан астам қызметкер 2 миллиард теңгеге жуық арнайы әлеуметтік төлем алғанын жеткізді. Қосымша 19,7 миллиард теңгеден тұратын резерв қалыптастырылған.
Алдын ала деректер бойынша, 2024 жылы АӘТ-тің орташа сомасы барлық құрауыштарын қоса алғанда 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарға байланысты болады. Төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының ұлғаюына байланысты өседі.
Алдын ала есептеулер бойынша 2030 жылы төлемнің орташа мөлшері 339 мың теңгені, ал 2035 жылы – 519 мың теңгені құрайды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Анаға тағзым орталығында жеңімпазбен кездесу өтті
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды
- авторСадуақас Айсұлу
- 25 желтоқсан, 2024