Алдыңғы жетістігімізді жақсартқан Паралимпиада
Жапонияның бас шаһары Токиода өткен XVI жазғы Паралимпия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстандық параспортшылар ел тарихында алтыншы Паралимпиадаға қатысып, Токио төрінен елге табысты оралды. Паралимпиада тарихында тұңғыш рет елімізден 26 спортшы аттанып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Яғни Қазақстан құрамасының спортшылары бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал медаль жиынтығы бойынша жалпыкомандалық есепте 51-орыннан көрінді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, жерлестеріміз бес жыл бұрын Рио Паралимпиадасында 58-орынға табан тіреген еді.
12 күнге созылған Паралимпиаданың екінші күнінде Токиодан ақжолтай хабар жетті. Пауэрлифтингтен 54 кило салмақ дәрежесінде жарыс жолына шыққан отандасымыз Давид Дегтярев Қазақстан қоржынына алтын жүлдені салды. Сайыс нәтижесі бойынша Давид үш мүмкіндігінде 174 кило зілтемірді еш қиындықсыз еңсеріп, Паралимпиада чемпионы атанды. 1996 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген Давид Дегтярев пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері шұғылданады. Ол 2021 жылы Тблисиде өткен Әлем Кубогында 185 килоны еңсеріп, Азия рекордын жаңартқан болатын. Сонымен қатар осы спорт түрінде сынға түскен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева бұл жолы жүлдегерлер қатарына іліге алмады.
Кейінгі жарыс күндерінде қазақстандық үш парадзюдошы жарыстың финалына дейін жетіп, үшеуі де жарысты күміс жүлдемен қорытындылады. Атап айтар болсақ, 60 килода белдескен Әнуар Сариев финалда әзербайжандық Вугар Ширинлиге есе жіберсе, 73 килода татамиге шыққан Теміржан Дәулет алтын жүлде үшін өткен белдесуде өзбекстандық Феруз Саидовтан жеңіліп қалды. Ал қыздар арасында өнер көрсеткен Зарина Байбатина (70 кг) финалдық сайыста әзербайжандық Дурсадаф Каримовадан басым түсе алмады. Осылайша, үш балуанымыз күміс жүлдегер атанып, мерейімізді тасыт-
ты.
Сонымен қатар паражүзушілеріміз де жүлдесіз қалмады. Рио Паралимпиадасында Зүлфия Ғабидуллина бастап берген жеңісті жолды Токиода Нұрдәулет Жұмағали жалғады. 100 метрге брасс әдісімен жүзуден S-13 санатында (көз жанары зақымданған) жерлесіміз үшінші нәтиже көрсетіп, қола жүлде еншіледі. Өкінішке қарай, Паралимпиада чемпионы З.Ғабидуллина финалдық сайысқа жолдама алғанымен, бұл жолы жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Осылайша, Паралимпиададан Қазақстан құрамасы өз тарихында төрт медаль иеленіп, рекорд орнатты. Сондай-ақ жерлестеріміз бірінші рет Жазғы ойындардың толық медаль (алтын, күміс, қола) жиынтығын жеңіп алды.
Айта кетейік, Токиода Қазақстан құрамасының 26 (10 әйел, 16 еркек) спортшысы спорттың 7 түрінен бақ сынады. Оның ішінде ең көп спортшы суда жүзу мен дзюдодан (7 спортшы). Сонымен қатар еліміздің спортшылары алғаш рет параканоэ мен паранысана көздеуден жолдама иеленгенін атап өткен жөн.
Енді келесі Паралимпия ойындары үш жылдан кейін, яғни 2024 жылы Парижде (Франция) өтеді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
«Томирис» Түркияда көрсетіледі
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024