Ғалымды кімдер даярлайды?
Біз әрдайым ғылымның дамуы жөнінде жазамыз, айтамыз. Бірақ көбіміз мәселенің түп-тамырына тереңдемейді екенбіз. Елімізге бәсекеге қабілетті, әлеуеті жоғары ғалымдар керек екені сөзсіз. Алайда олар өздігінен қалыптаспайды ғой. Оларды білім берудің белгілі бір сатысында оқытып шығарады. Қазақ «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Ғалымдар мықты болуы үшін олардың үйретушісі, оқытушысы, жетекшісі мықты болуы керек қой. Сонымен ғылыми кадрларды кімдер даярлап жүр? Зерттеушілерді былай қойғанда, олардың ғылыми жетекшісінің қарымы қандай? Бәрінен бұрын мемлекет олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасады ма?
Жалақың қанша, жетекші?
Бәріміз білетіндей, елімізде ғылыми кадрлар жоғары оқу орындарында, яғни докторантурада даярланады. Ал болашақ ғалымдардың сол жоғары оқу орындарындағы ғылыми жетекшісі – әдетте оқытушылар. Нарық заманында мамандықтың беделі жалақымен және сол сала мамандарының қоғамдағы рөлімен бағаланады. Әуелі еңбекақы мәселесіне тоқталайық. Себебі мықты мамандар еңбегін лайықты бағалайтын жерге барады.
Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруды тапсырып, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шаралары қарастырылғанын атап өтті. «Бірақ іс жүзінде жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мұғалімнің жалақысынан аз болып қалды. Осыған орай Үкімет жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керек», деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2020 жылы мамырда өткен отырысында.
Қ.Тоқаев аталған мәселені грант құнын арттыру есебінен көбейту керек екенін айтты. Елімізде жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік білім беру гранттарының құны 2011 жылдан бері өспеген еді. «Әрине, бұл қосымша инвестицияны талап етеді. Осыған орай білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық, яғни грант құны үш есеге артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады», деді Мемлекет басшысы.
Келесі айда осы тапсырмаға 1 жыл болады. Мәселе қалай шешіліп жатыр? Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, аталған ведомствоға тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 2019 жылы 20%-ға артыпты. Президенттің тапсырмасынан кейін, яғни 2020 жылдың қыркүйегінде тағы 20%-ға ұлғайтылған. Алайда бұл жеткілікті ме? Оқытушылар еңбекақысы көтерілмей тұрғанда қанша алатын еді? Мемлекеттік, тіпті ұлттық деңгейлі университет педагогтерінің ішінде 70-80 мың теңгеге жұмыс істейтіндер болған. Басым бөлігі 100 мың теңгенің айналасында жалақы алып жүрді. Біз бұған журналистік сауалдамадан, әлеуметтік желілерде жазған оқытушылардың жазбасынан, сондай-ақ осы мәселеге қатысты министрлік, университеттердің ұйымдастыруымен өткізілген ақпараттық жиындардан көз жеткіздік.
Сонда орта есеппен 100 мың теңге алатын педагогтің еңбекақысы 2019 жылы 120 мың теңге, 2020 жылы 144 мың теңге болды. Бұл қаншалықты жеткілікті? Шәкіртіне беделімен, жоғары білімі мен білігіне сай жоғары жалақысымен үлгі болуға да мүмкіндігі болмайды. Өйткені болмашы еңбекақыны бір айдан келесі айға жеткізудің проблемасымен бас қатырып жүреді. Ал қаржылық құрсауда, экономикалық бұғауда жүрген жанның жан-тәнімен жұмыс істеуі екіталай.
Иә, көбейтілгеннің өзінде алатын ЖОО оқытушыларының жалақысын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жеткіліксіз деп отыр.
«Қабылданған шараларға қарамастан, жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте болған жалақы базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр. Мәселен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде – 105 мың теңге, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриялық университетінде – 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық. Кейбір ЖОО оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн. Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырды. Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ақпан айында өткен кеңесте Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекіттік», деді А.Аймағамбетов.
Алғашқы норма бойынша алдағы қыркүйектен бастап штаттағы оқытушылар үшін ең төменгі жалақы мөлшерін белгілеу көзделмек. Яғни Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына – кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс. Бұдан бөлек, әрбір ЖОО оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады. Бірақ жоғарыда көрсетілген сома – жалақының ең төменгі мөлшері сақталуға міндетті.
Екіншіден, педагогикалық жүктеменің ең жоғары көлемі 1 ставка үшін 680 сағаттан асырылмайды. Дегенмен педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) сағат санын белгіленген 680 сағатқа дейін жеткізу міндеттелмейді. Алайда оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680 сағатқа дейін төмендетуі керек.
Оқу орны мүдделі болмаса
Расымен оқытушылар беделінің көтерілуіне, жалақысының арттырылуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, кәсіби дамуына оқу орны мүдделі болмаса, бәрі бекер. Мәжбүрлегеннен іс өнбейді. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ерлан Шұланов аталған нормалар оқытушылардың ғылыми кадрларды даярлауына жағдай жасайтынын жеткізді.
«2019 жылы біздің университеттегі оқытушылардың орташа жалақысы 1 ставкаға 80 мың теңге болды. Мұндай жағдайда білімнің, ғылыми жұмыстың сапасы, жастармен жұмысқа ынталандыру жөнінде қалай әңгіме айтуға болады? Сондықтан министрліктің ең төменгі жалақы мөлшерін белгілегені өте орынды. Айталық, 80 мың теңге еңбекақы бірден 200 мың теңгеге артты. Бұл әсіресе жалақы көлемі төмен өңірлік ЖОО-ға тиімді. Ал оқытушының сағат санын 680-нен асырмау талабы олардың ғылыммен айналысуына, сапалы ғылыми кадрларды даярлауына септігін тигізеді. Көп адам бұл мәселені бұрын-ақ шешуге болатын еді деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде бәрі соншалықты оңай болған жоқ. Жалақыны көтермес бұрын алдын ала жоспар жасалып, белгілі бір алғышарттары анықталады. Мәселен, грант құны 2020 жылы 350-400 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін өсті. Содан соң университеттердің коммерциялық емес АҚ нысанына өтуін қамтамасыз ету де ЖОО-ға өз табыстарын сақтауға және алғашқы қажеттіліктерге жұмсауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін арттыру да жалақыны өсіруге жағдай жасайды», деді Е.Шұланов.
Ақиқатында еңбектің еленуі, жалақының жоғарылағаны жақсы ғой, дегенмен ынталандыру сыйақыларының орны – бір бөлек. Бұл біраз бұрын ескерілген. Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы бұйрығымен «ЖОО үздік оқытушысы» атағы берілетін болды. Жыл сайын өткізілетін конкурстың нәтижесінде жеңімпаздар 5 млн 834 мың теңгеден сыйақы алады. Биыл аталған конкурс алғаш рет онлайн форматта өтті. Мұндай марапат оқытушыларды ынталандырып, шығармашылық тұрғыда дамуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Биылғы конкурстың жеңімпазы, филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Есенбекованың ойы да соған саяды.
«Еліміздегі ғалымдардың ең үздіктерін анықтап, оларға жоғары құрмет көрсету – мемлекет саясатының жарқын көрінісі. Биылғы «Жоғары оқу орнының Үздік оқытушысы» байқауы тұңғыш рет ақпараттық жүйенің көмегімен өткізілді. Бұл байқаудың әділ, объективті өтуіне ықпал етті. Ғалымдардың ғылыми еңбектерін бағалау критерийлері жаңартылды, басымдықтар дұрыс анықталды. Жылдан- жылға мемлекеттің де, қоғамның да ғылымға деген көзқарасы жақсарып, қолдауы күшейіп келеді. Ғалымдар қоғамдастығы мұндай саясатты жақсы сезініп отыр. Меніңше, қазақ ғалымдары цифрлы технологиялар, жасанды интеллект, кванттық компьютер сияқты құбылыстарды зерттеп, болжап, нақты ұсыныстар дайындағаны дұрыс. Осы бағыттағы ғылыми-зерттеулерге ерекше көңіл бөлінуі – уақыт талабы екені анық. Ал бұл байқау ғалымдардың шабытын оятып, жаңа зерттеулер туғызады деп сенемін», дейді Ұ.Есенбекова.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Лобуче шыңын бағындырды
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024