Лобуче шыңын бағындырды
«Шыңдар және көк байрақ. Біз не үшін немесе кім үшін өмір сүреміз? Жолдар бізді таңдай ма, әлде жолдарды біз таңдаймыз ба? Мен Лобуче биіктігінде тұрмын, қолымда – ту, жүрегім жиі дүрсілдейді, ал жаным қасымдағы Эверест шыңында.
Сонау алыстағы сияқты 2019 жылы Ама-Даблам (6814 метр) биіктігін бағындырғаннан кейін өмір күрт өзгерді. Альпинизм де таулар да өзгеріп, «Күрделілік санатындағы» түсініктердің шекарасы жойылды. Бұрын мен тауларға өзім үшін, өз бойымдағы әлсіз тұстарды тауып, соны жеңу үшін баратын едім.
Қазір батып бара жатқан күнге, құзды шыңдарға қарап отырып, өн бойымды бір алғыс сезімі мен сыйластық билейтінін түсіндім. Біздің жан дүниемізде әлем туады және қайта жаңғырады. Біз тірі болған кезде бізді қоршаған әлем де тірі. Және мұның бәрін өзіңмен өзің қайшылықта және бағынған шыңдар басында түсінесің.
Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл – аз ба, көп пе? Заманауи өркениетпен салыстырсаңыз аз, бірақ оның қаншалықты көп екендігін әркім өзі шешеді. Қарап отырсам, Қазақстанның альпинизм бойынша құрама командасының барлық жеңісі Қазақстан тәуелсіздігінің мерейтойларымен орайласыпты. Алайда басқа да айтулы дата мен себеп жеткілікті болатын. Бірақ дәл тәуелсіздік біздің өміріміздің мағынасы және біздің қоғамымыздың бірегейлігі. Тағы бір биіктік артта қалды, алда Отанға апарар жол күтіп тұр. Қазір Непалдағы эпидемиялық ахуалдың тұрақтанып, халықаралық әуе рейстері қалпына келетініне үміт артамын. Осы жолда маған тілектес болған баршаңызға алғысым шексіз!», деп жазады Лобуче сияқты әлемнің ең құзар шыңдарын бағындырған жерлесіміз Мақсұт Жұмаев сонау Үндістаннан.
Орайы келіп тұрғанда, Катманду – альпинистердің Меккесі екендігін айта кетелік. Осылайша, қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Қазақстан туын Гималай алтылығында – Лобученің оңтүстік шыңына алып шықты.
Танымал спортшы Катмандуға қайтқаннан кейін қазақстандық БАҚ өкілдерімен байланысқа шықты. Оның сөзінше, Непалда эпидемиялық жағдайға байланысты локдаун жарияланған. Мақсұт Жұмаев әуе билеттерін қайтаруға мәжбүр болған, енді карантиннің жеңілдеуін күтіп отыр. Алайда альпинист өз миссиясын тағы да абыроймен атқарды.
«9 мамырда 11.30-да 6119 метр биіктіктегі Лобуче шыңын бағындырдық. Түнгі 03.00 шамасында шықтық, ауа райы жақсы болды. Айналамыздағы сегізмыңдықтар анық көрініп тұрды. Бірақ сағат таңғы 09.00 шамасында ауа райы бұзылып кетті, қар жауып, көру 50 метрге дейін нашарлады. Қар жауғанына қарамастан тоқтамадық, тек қадамды бәсеңдеттік. Тобымыз асықпай шыңға жетті», деп хабарлайды Жұмаев.
Спортшы шыңда ұзақ уақыт тұрмаған. Шамасы келгенше өзіне аманатталған тулармен суретке түсіп, құттықтау видеосын түсірген. Шың басында көп кідірмей, қайту керек болған.
Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толғанын дүние жүзіне танытуды көздеп барған қазақстандық спортшы қазір Катмандуда. Жұмаев миссиясын орындағаннан кейін Қазақстанға тезірек оралғысы келетінін айтады.
АЛМАТЫ
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
ШҚО-дағы өрттен зардап шеккендердің бәрі баспана алады
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Педагог категориясының өсуі жалақыға қаншалықты әсер етеді?
- авторjambylinfo.kz
- 24 қараша, 2024