жексенбі, 11 мамыр, 2025 11:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен өңірлік даму мәселелері қаралды

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы мен өңірлік даму мәселелері қаралды
Фото: Jambylinfo.kz
Жиынға партияның облыстық филиалының жанынан құрылған Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Тараз қалалық әкімдігіне қарасты бөлімдер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бүгін Тараз қаласында «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Күн тәртібінде Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы мәселелері қаралды. Осы мәселе бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы комиссия мүшелеріне баяндамалар жасалды.

Отырыс барысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалы Партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Жақсыбек Қасымбеков аталған мәселелерді талқылауға енгізіп, комиссия мүшелері мен қатысушыларға қажетті мәліметтер мен деректерді ұсынды. 

Ал, зерделеу тобының жетекшісі, комиссия мүшесі Бахат Әлмұратов атқарылған жұмыстардың қорытындыларына тоқталып, жауапты органдардың қол жеткізген нәтижелерін жариялады. 

- Жалпы зерделеу барысында Тараз қаласы әкімдігі тарапынан 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 44 млрд. 067 млн. теңге бөлінгендігі анықталды. Бұл соманың ішінде нысандардың ҚМЖ-ға 43 млрд. 100 млн. теңге, ЖСҚ әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 967 млн. теңге бөлінген. Қала әкімдігі құрылыс бөлімі тарапынан 142 нысан бойынша жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, «Әулие-Ата» шағын ауданында 22 тұрғын үй, «Ұлы Дала» шағын ауданында 34 көпқабатты тұрғын үй, Асқаров көшесінің соңында 16 тұрғын үй және 70 инженерлік инфрақұрылым желілері салынып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, инженерлік-инфрақұрылым саласы бойынша 70 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 44 тұрғын үйдің абаттандырылуы мен ішкі алаңдық инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Әлеуметтік осал топтарға арналған 669 пәтер сатып алуға республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге және «Самұрық-Қазына» арқылы 7,6 млрд. теңге бөлінген.

2024 жылы бірқатар әлеуметтік объектілер қайта жаңғыртылып, күрделі жөндеуден өткізілген. Алайда, бірқатар кемшіліктер де орын алған, атап айтқанда, мемлекеттік аудит нәтижесінде 5,7 млрд. теңге көлемінде бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, Тараз қаласында жүргізілген құрылыс жұмыстары мен мемлекеттік сатып алу бойынша қаржылық бұзушылықтар мен тиімсіз пайдалану жағдайлары орын алған. Тексеру комиссиясы мекемелерге нұсқамалар жолдаған, - деді Бахыт Әлмұратов.

Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев өзінің есебінде қалада атқарылып жатқан жобалардың барысы туралы толық мәлімет берді.

- Тараз қаласы бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасына сәйкес 2024 жылға белгіленген 43 көрсеткіштің 35-і орындалып, 8 көрсеткіш орындалмады. Орындалған көрсеткіштер арасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілер арасында меморандумдар жасасу, жұмысқа орналастыру, жаңа туристік маршруттарды әзірлеу сияқты маңызды шаралар бар. Алайда, жоспар бойынша өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің саны мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының көрсеткіші орындалмады. Сонымен қатар, тұрғын алаптарында жеке үй салу үшін жер учаскелерін беру, білім беру нысандарында жөндеу жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік осал топтарға гранттар беру бойынша да бірқатар көрсеткіштер орындалмады. Экологиялық шаралар аясында 55 мың ағаш отырғызу жоспарланғанымен, тек 26,6 мың ағаш отырғызылды, - деді Жандос Ордабаев. 

Жиын соңы сұрақ-жауап кезеңіне ұласып, комиссия мүшелері мен қатысушылар арасындағы талқылаулар нәтижесінде қаулы қабылдау қажет болды. Қаулы жобасы қатысушылардың талқылауына ұсынылып, бір ауыздан қабылданды.

Бөлісу:
Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар