сенбі, 26 сәуір, 2025 21:59

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қарашөкеев Меркіде уланған балалардың жағдайын білді

Қарашөкеев Меркіде уланған балалардың жағдайын білді
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі аталған оқиғаны жеке бақылауда ұстайтынын айта келе, кемшілікке жол берген жауапты тұлғалардың жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескерткен.

Меркі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын бастап, сынамалар алған, қорытындысын күтіп отыр. Сондай-ақ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі бөбекжай-бақшаның жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы қабылдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz  облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, өңір әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданы Ойтал учаскесі "Нұрай" жекеменшік бөбекжай-бақшасында болған жағдайдың анық-қанығын білу үшін оқиға орнына арнайы барды.

Әуелі облыс әкімі Меркі ауданы ауруханасына түскен балалардың жағдайымен танысып, сауығып кетуіне тілектестік білдірген.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, бұдан соң әкім туындаған жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

Меркі ауданы әкімі Ербол Жиенқұловқа оқиғаға қатысты ақпаратты дер кезінде хабарлау, сырқат балалар мен олардың ата-аналарына жан-жақты қолдау көрсету жүктелді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиев пен денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевқа балалардың жүй-күйін назардан тыс қалдырмай, аурудың одан әрі өршуіне жол бермеу тапсырылды.

Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұловаға ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту ескертілді", - делінген хабарламада.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда 14 бала мен 1 ересек адам ауруханада, 9 бала үй жағдайында ем қабылдап жатыр. Ауруханаға жатқызылған балалардың 10-ы бөбекжай тәрбиеленушісі болса, біреуі үш айлық бүлдіршін, үшеуі түрлі мектептердің оқушысы. Бір бала жан-жақты тексеру және ем алу үшін облыс орталығына жеткізілді.

"Қазіргі таңда ауруханада қосымша төсек орны қажетілікке байланысты дайын. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті", - дейді әкімдік өкілдері.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 17 наурызында Меркі аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне Ойтал ауылы "Нұрай" жекеменшік бөбекжай-бақшасының 10 тәрбиеленушісі жеткізілген.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес жедел жұмыс тобы құрылып, болған жағдайды зерделеп, әр баланың жағдайымен танысып, ата-аналарымен сөйлесіп, тиісті шаралар қабылдау бойынша жұмыстар жүргізілген.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар