жексенбі, 6 қазан, 2024 3:45

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Президенттің қатысуымен Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы өтті

Президенттің қатысуымен Астанада дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы өтті
Сурет: Ақорда
«Астана Арена» стадионында өткен шараға 20 мыңнан астам адам қатысты

Астанада дүниежүзілік V Көшпенділер ойындарының салтанатты ашылуы рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатының мәртебелі қонақтары қатарында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев, Моңғолияның III Президенті Намбарын Энхбаяр бар. 

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-шараға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшыларына, мәртебелі меймандарға және спортшыларға шынайы алғысын жеткізді

Президент көшпенділер өркениеті дүниежүзі тарихында өшпес із қалдырған өркениет екенін айрықша атап өтті. 

– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көшпенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақындасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қағанаты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтулы шарада 3 мың өнерпаз өнер көрсетті. 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені, «Думан» кешені сияқты 6 нысанда өтеді.

Еске салайық, байрақты бәсекеге барлығы 89 елден 2 мыңнан астам қатысушы тіркелген.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар