жұма, 11 шілде, 2025 23:05

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Астанада мектеп директоры мен бас бухгалтер қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынды

Астанада мектеп директоры мен бас бухгалтер қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынды
Виеодан кар: ҚР ҚМА
Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті

Астанада №81 Astana English School халықаралық мектебінің бұрынғы директоры мен бас бухгалтеріне қатысты ірі көлемдегі қаржы жымқыру дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің мәліметінше, тергеу Астана қаласы әкімдігіне қарасты аталған білім беру мекемесінің лауазымды тұлғаларына қатысты басталған.

Астана қалалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен бірлесіп жүргізілген шара барысында күдіктілердің 900 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын иемденгені анықталған.

Агенттік таратқан хабарламада бұл қаржының бір бөлігі — дайындық сыныптарына және жазғы лагерьге қатысу үшін ата-аналардан қолма-қол алынған, бірақ мекеменің ресми шотына түспей, жымқырылғаны айтылған.

Сонымен қатар тергеу барысында шамамен 16 млн теңге жалған қызметкерлердің атына аударылғаны белгілі болды. Бұл тізімде күдіктілердің туыстары да бар, олар жұмыс істемесе де, жалақы алып отырған.

Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы сомасы 382 млн теңгеге бағаланатын мүлік: коттедж, елордадағы екі пәтер және автокөлік сатып алынған. Бұл мүлікке сот шешімімен тыйым салынды. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынған.

Тергеу жалғасып жатыр. Агенттік Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат таратылмайтынын мәлімдеді.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар