жексенбі, 30 наурыз, 2025 5:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ауа райының қолайсыздығы: Қазақстан жолдарында ахуал қандай?

Ауа райының қолайсыздығы: Қазақстан жолдарында ахуал қандай?
ашық дереккөз
Елдің бірқатар өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелері жабылды.

Құтқарушылар мен полицейлер жолда қалған азаматтарға көмек көрсетуді жалғастыруда. Ескертулерге қарамастан, кейбір жүргізушілер жолға шығып, табиғаттың тосын мінезінің құрбанына айналып жатыр, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, «Өскемен – Самара» тас жолында 30-дан астам көлік қар құрсауында қалған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жүргізушілерге көмектесіп, көліктерді қауіпсіз жерге алып шықты.

Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылар қар құрсауында қалған төрт адамды аман-есен эвакуациялады. «Джасыбай» демалыс аймағынан 10 шақырым жерде жеңіл көлік қарға батып, жүре алмай қалғаны туралы 112 пультіне хабар түскен.

— Оқиға орнына келген құтқарушылар көлікті қардан шығарып, тазартылған жолға жеткізді. Жолаушыларға медициналық көмек қажет болмады, — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұшсарт ауылының маңында қарға қамалып қалған екі адам құтқарылды.

— Құтқарушылар жеңіл көліктегі жолаушыларды жақын маңдағы елді мекенге эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болмады, — деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайн Қойшыбаев.

Жабылған жолдар

Ақмола облысында 10 наурыз күні сағат 11:00-ден бастап республикалық маңызы бар «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ бекеті)» тас жолының Астана қаласы – Павлодар облысы шекарасы аралығындағы (16-200 км, оның ішінде 184 км Астана – Павлодар облысы шекарасы) учаскесі барлық көлік түрлері үшін жабылды.

Сағат 11:30-дан бастап келесі жолдарда да қозғалыс тоқтатылды:

«Астана – Петропавл» тас жолының Астана – Щучинск аралығы (18-232 км, ұзындығы 214 км);

«Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау» тас жолының Қабанбай батыр кенті – Қарағанды облысы шекарасы аралығы (35-51 км).

«ҚазАвтоЖол» АҚ мәліметіне сәйкес, ауа райының қолайсыздығына байланысты «Астана – Қарағанды (айналма жолы) – Алматы» тас жолының Ақмола облысы шекарасы – Теміртау бекеті (1353-1426 км) аралығы барлық көлік түрлеріне жабылды.

Жол қозғалысына қатысты басқа өзгерістер

«ОблШығысЖол» ЖШС мәліметіне сәйкес, 10 наурыз сағат 09:00-ден бастап облыстық маңызы бар «Өскемен – Горная Ульбинка – Северное» тас жолының Зоя Космодемьянская атындағы балалар лагері – Северное ауылы (30-60 км) аралығы барлық көлік түрлері үшін ашылды. Алайда жүк көліктері мен тіркемесі бар тракторлардың қозғалысына қыс мезгілінде тыйым салынған.

Сондай-ақ, Астана қаласында ауа райының нашарлауына байланысты жақын маңдағы елді мекендерге қатынайтын қоғамдық көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Полицейлер мен құтқарушылар қазақстандықтарға ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шықпауға және ресми ескертулерді қатаң сақтауға кеңес береді.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар