Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әдәлетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайланатынын мәлімдеген болатын. Көп ұзамай пилоттық режимде қолға алынған саяси доданың еліміздің 3 қаласы мен 42 ауданында өтетіні белгілі болды. Өз кезегінде, Орталық сайлау комиссиясы өткен аптаның соңында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарып, маңызды саяси науқан өтетін өңірлерді аралау басталғанын хабарлады. Осы орайда барлық өңір бойынша 45 әкім лауазымына 249 үміткер ұсынылғанын айтылды. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен, өңірлерге байланысты бәсекелестік әртүрлі болған. Атап айтқанда, бір орынға 9 кандидат үміткер болған аймақтар бар. Солардың арасында біздің облыстың Жуалы ауданында да бір орынға үміткер болғандар саны көп.
Аудан әкімдерін халық өзі сайлайды
Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну жолымен жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, тіркелгендердің 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынғандар болса, 36 пайыздан көбі саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп жатыр. Ұсыну барысында барлық тіркелген 7 саяси партия өз белсенділігін көрсеткен. Үміткерлердің орташа жасы – 47. Кандидаттардың басым бөлігін ерлер құрайды, сонымен бірге арасында 13 әйел адам бар. Ұсынылған үміткерлердің 63,05 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, 6,83 пайызын уақытша жұмыс істемейтіндер құрайды. Қалғандары түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар.
Біздің облыста пилоттық сайлау өткізуге екі аудан таңдалып алынған болатын. Яғни, 5-қарашада Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланбақ.
Бүгінде аталған аудандарда алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өткен сенбі күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров облысымызға арнайы іссапармен келіп, аталған аудадарда өтетін сайлаудың дайындық барысымен танысты.
Төраға алдымен Жуалы ауданына ат басын бұрып, №473 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Дайындық шараларына жіті көңіл бөлген ОСК төрағасы жауаптыларға маңызды науқан басты назарда болу керектігін ескертті. Әсіресе жасы үлкен, мүмкіндігі шектеулі кісілердің үйіне өздері бару қажеттігін еске салды.
– Қариялардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын ескеріп, денсаулығып сұрап барыңыздар. Адамдық танытқаннан кішірейіп қалмайсыздар. Құлағы естімейтіндері болса, сайлаудан бейхабар болуы да мүмкін. Ел азаматтары ретінде бұл кісілердің таңдау, дауыс беру құқы бар екенін ұмытпаңыздар. Бір жапырақ қағазды таратып кетіп қалу болмасын. Үйлеріне арнайы бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, сосын ғана сайлау жайлы сөз қозғаңыздар. Жүріп-тұруы қиын тұрғындар үшін үйлерінен дауыс беретіндей жағдай жасаңыздар. Өздері келіп дауыс бергісі келсе сайлау уческелеріне көлікпен жеткізіңдер- деді Нұрлан Мәжитұлы.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде аймақта 39 сайлау учаскесі құрылып, таңдау жасауға құқылы 31620 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 1568-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар үшін 2 сурдоаудармашы және 2 инвотакси қызмет етеді. Бастапқыда ауданда әкім болуға 9 кандидат ұсынылған. Олардың екеуін партиялар ұсынса, жетеуі өзін-өзі ұсыну тәртібін пайдаланды. Кандидаттардың бесеуі мемлекеттік қызметкер, екеуі жұмыссыз, біреуі шаруа қожалығының басшысы болса, енді 1 үміткер партия филиалының төрағасы. Кейінірек 9 кандидаттың үшеуі сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартып, алтауы қалды. Ал, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеудің қорытындысы бойынша сол үміткерлердің төртеуі ғана саяси додаға қатысуға мүмкіндік алды.
Осы күні Жуалы ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу бойынша даярлық жұмыстарының барысы туралы аудан жастарымен кездесу және семинар тренинг өтті.
– Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді. Өздеріңіз де ауыл әкімдерінің сайлауына белсене қатысқан боларсыздар. Енді алдағы саяси науқанға жауапкершілікпен біркісідей атсалысады деген сенімдемін,-деді төраға.
Мұнан соң Нұрлан Мәжитұлы ауданның мемлекеттік қызмет органдарымен кездесу өткізіп, полиция, прокуратура, Төтенше жағдай, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшыларының сайлауға дайындығын пысықтады. Сайлау күні мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еш кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасау керектігін баса ескертті. Сондай-ақ полиция қызметкерлері қажет болмаған жағдайда сайлау учаскелерінде отырмауы керектігін айтты. Төтенше жағдай қызметкерлерін де табиғаттың тосын жағдайларына дайын болуға шақырды.
Мұнан соң төраға осы аудандағы Нұрлыкент ауылына арнайы соқты. Ауылдың халық сайлаған әкімі Нұрсұлтан Рақымбектің өз қызметіне кіріскеніне көп бола қоймаған. Нұрлан Мәжитұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, жаңа әкімнің жұмыс барысын сұрады. Жас та болса бас болып жүрген әкім халық көңілінен шығып жүр екен. Тұрғындар ауылдың көшелерін тазалап, электр жарығын орнатып берген басшыларына дән риза. Жаңа әкім алдағы уақытта ауылда жаңа жұмыс орындарын ашпақ ниетін жеткізді.
Орталық саулау комиссиясының төрағасы сайлауға дайындық жұмыстары жүріп жатқан Т.Рысқұлов өңірінде де ат басын бұрды. Мұнда да аудан жастары және мемлекеттік қызметкерлерлермен жолығып сайлауға дайындықты пысықтады. Кездесу Құлан агротехникалық жоғары колледжінде орналасқан №362 сайлау учаскесінде өтті. Аталған сайлау уческесінде 1 975 адам дауыс бере алады.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілеповтің айтуынша, мұнда 35 сайлау учаскесі құрылып, барлығы 40 611 тұрғын дауыс беру құқығына ие болып отыр. Бұл ауданда әкім болуға 5 азамат өзін-өзі ұсынса, 1 үміткер саяси партия арқылы тіркелген. Дегенмен, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеу қорытындысына сәйкес, алдағы саяси додаға 6 кандидаттың үшеуі ғана қатысатын болды.
Жиында аудандық полиция, прокуратура, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары да есеп беріп, сайлауға тыңғылықты дайын екендерін жеткізді.
Сонымен, жоғарыда аталған екі ауданның халқын алда үлкен саяси науқан күтіп тұр. Аудан әкімін таңдаудың осындай әдісі елімізде алғаш рет қолданылғалы отырғанын ескерсек, мұндай сайлау өткізу – өркениетке және демократиялық қоғамға қол созған реформалардың жемісі деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам жергілікті жерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Халықтың ортасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген азаматтардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Мұндай тәртіп сайлау алдында үйіп-төгіп уәде беріп, мансапқа қол жеткізген соң халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кететіндердің қатарын азайтады. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде қызмет етеді деген сенім мол. Бұл ретте елдегі саяси партиялардың өз кандидаттарын ұсынуына, сонымен қатар жекелеген азаматтардың да өзін-өзі ұсынуы арқылы үміткер болуға мүмкіндігі болғанын айта кеткен жөн.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала
Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары тергеліп жатыр
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қазақтілді оқушылардың орыстілділерден сауаты төмен - зерттеу
- авторjambylinfo.kz
- 15 қазан, 2024