дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 2:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

"Ауыл аманаты": Жамбылдық шаруларға 4 мың шағын несие берілген

"Ауыл аманаты": Жамбылдық шаруларға 4 мың шағын несие берілген
Сурет:Ашық дереккөзден алынды
Бұл туралы вице-премьер Тамара Дүйсенованың Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында өткізілген жиында айтылды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу нәтижелерімен танысып,  тұрғындардың табысын арттыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өз тиімділігін танытып келеді.

 Аталған жоба алғаш ел бойынша облыста пилоттық жоба ретінде енгізіліп, 11 елді мекенді қамтыған болатын. Ал, өткен жылы облыста 25,5 миллиард теңгеге 10 ауданның 38 округтен төрт мыңнан астам жоба қаржыландырылған.

Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов ел аумағында жобаның іске асырылу барысымен таныстырып өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында   өткен жылы 17 мың шағын несие беру мақсатында 100 миллиард теңге бөлу жоспарланған болатын. Бүгінгі күнде 91,3 миллиард теңге игеріліп, 14,4 мың шағын несие беру ісі жүзеге асты. Оның ішінде республикалық бюджеттен Жамбыл облысына 24 миллиард теңге бөлініп, 4 мың шағын несие берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы есебінен салық түсімі 225 миллионға жеткен. Бағдарламаның негізгі мақсаты азаматтардың өз кәсібін ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру болып саналады. Алайда бүгінде өтініш берушілер тарапынан жергілікті әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларына құжаттарды қабылдау бойынша шағымдар көптеп түсіп жатады. Сол себепті биыл министрліктен өтінішті онлайн берудің ақпараттық жүйесі әзірленді.  Аталған жүйе алғаш Жамбыл облысында пилоттық негізде іске асырылды. Алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізу жоспарлануда, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Сондай-ақ, аталған жоба аясында 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 62 ауылдық округ қамтылғандығын тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек жобадағы тың өзгерістер жайын айтып өтті. 

Оның сөзінше, биыл «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты-өз кәсібін ашу бойынша бірқатар салаға басымдық берілген. Мәселен өткен жылы жоба аясында өңірде несие алушылардың 92 пайызы мал шаруашылығымен айналысуға өтінім білдірген. Дегенмен күні бүгінге дейін облыс көлемінде өзге өңірден мал сатып алу бойынша ешқандай өсім байқалмағандықтан, жаңа жүйе енгілмек.

– 2023 жылы мал шаруашылығымен айналысушылар тарапынан 152 мың бас мал сатып алынған. Алайда оның он пайызға жуық мөлшері ғана сырттан келген. Яғни,  мал басы облыстың ішкі айналымында жүру салдарынан өсім байқалмай отыр. Сондықтан биыл жобаның бұл бағытын қаржыландыру тоқтатылып отыр. Оның орнына кәсіпкерлерге тауарлық несие беру тетіктерін қарастырудамыз. Мұнда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіп бастаушы және тәжірибелі кәсіпкерлер үштік негізде жұмыс жасайды. Яғни, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы кәсіп бастаушының кепілдігіне жауапкершілік танытады. Соның негізінде үлкен шаруашылық иесі кәсіп бастаушыға 50 бас қой мен 5 сиырға дейін несие береді. Өз кезегінде кәсіп бастаушы жыл сайын мал басының төлі есебінен несиесін өтеп отырады. Мал басы сақтандырылып, мемлекет тарапынан 80 пайыздық қаржы субсидияланады, – деді Әбілқайыр Тамабек. 

Өз кезегінде аталған жүйенің тиімділігін тілге тиек еткен вице-премьер Тамара Дүйсенова халықтың табысын арттыру мақсатында өзге де бағдарламаларды жүзеге асырып, шаруалар өнімдерін терең өңдеуге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Бүгінде Жамбыл облысы жобаның екінші деңгейінн аяқ басып оңтайлы көрсеткіштер көрсетіп келеді. Сол себепті инновациялық технологияларды енгізуге көптеп көңіл бөліп, ауыл шаруашылығында терең өңдеуді қолға алу аса маңызды. Ел аумағында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарда бірқатар мәселе де бар екендігі де жасырын емес. Мұндай қиындықтар  көбіне кәсіпкер тарапынан әлеуметтік төлемдерді төлеу бойынша, олардың өз өнімін өткізу кезінде орын алады. Сондықтан жергілікті атқарушы билік органдары несие алушылардың өнімін өткізу бойынша жұмыстарды жандандырып, ауыл әкімдері елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық картасын жасауы тиіс, – деді Тамара Дүйсенова. 

Жиын соңында Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарының кәсіпкерлері өзара тәжірибе алмасу бағытында баяндамалар жасады. Өз кезегінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев вице-премьердің бастамаға қолдау танытып отырғандығына алғысын жеткізіп, оң көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында бірлесе жұмыстар атқаратындығына сенім білдірді.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар