сенбі, 12 қазан, 2024 2:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Айқын мақсат алға жетелейді

Айқын мақсат алға жетелейді
ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауызсу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Сондықтан Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет», – деген болатын.

Жолдау жүктеген міндеттерді орындау мақсатында облыста жүйелі шаруалар жүзеге асырылды. Соның арқасында өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші қалаларда 97,5 пайызды құраса, (513,4 мың адам), ауылдық 313 елді мекен бойынша 94,9 пайызға жетті (655,7 мың адам). Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов айтып берді.

– Облыста сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалып отыр. 34 елді мекенді жаңа құрылыс жұмыстарын жүргізу арқылы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған болса, халық саны аз 20 елді мекенге кешенді блок-модуль жүйесін орнату арқылы мәселе шешімін табады.Осы жылы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылуда. Оған 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8 пайызды (524,4 мың адам), ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызды (651,8 мың адам) құрайды, – деді Ғалым Исабайұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, әрбір қалалық және ауылдық елді мекендер бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына тұрақты мониторинг жүргізіліп отырады екен. Сонымен қатар 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына 23,9 миллиард теңгеге 30 жобаны қаржыландыру ұсынылыпты. Ауызсумен қамтамасыз етілмей отырған Қордай ауданындағы Алға, Мойынқұм ауданындағы Қашқантеңіз стансасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспарға сәйкес қыркүйек айына дейін сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім ұсынылмақ. Спикердің айтуынша, өңірдегі елді мекендерді толық ауызсумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз ауызсумен қамту көзделген.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар