жұма, 15 қараша, 2024 12:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Қарттарға қандай қолдау көрсетіледі?» Еңбекмин мәлімдеме жасады

«Қарттарға қандай қолдау көрсетіледі?» Еңбекмин мәлімдеме жасады
фото - ашық дереккөзден
Жыл сайын дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда 1 қазан Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді

Республикада жасы бойынша 2,4 миллионнан астам зейнеткер тұрады. Әрбір азаматтың лайықты қартаюын қамтамасыз ету – Үкіметтің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекет аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда.

Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға ілгері индекстеледі.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақылардың мөлшері 9%-ға ұлғайтылды және ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақының мөлшері арттырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес базалық зейнетақының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Осылайша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап оның ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан 65%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 105%-ына дейін арттырылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

Республикада 92 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмысына істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2024 жылға 5,9 млрд теңгені құрады.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және қоғаммен байланыс. Орталықтардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, цифрлық сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), қарттардың еркіндігін қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

1 қазанда елімізде Қарттар күніне орайластырылған айлық басталады. Облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері, кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары аға буын азаматтарын әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шараларды, еңбек ұжымдарында кездесулерді, амбулаториялық-емханалық ұйымдарда Ашық есік күндерін және басқаларды өткізетін болады.

Сонымен қатар Қарттар күніне орай Астана қаласында, Ақмола (ең төменгі зейнетақы алушыларға), Қарағанды (75 жастан асқан азаматтарға), Павлодар (ең төменгі зейнетақы алушыларға және 80 жастан асқан азаматтарға), Шығыс Қазақстан (90 жастан асқан азаматтарға), Маңғыстау (70 жастан асқан азаматтарға 25 қазанға қарсы), Түркістан (жалғызбасты зейнеткерлерге және 100 жастан асқан азаматтарға) облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында (70 жастан асқан азаматтарға және мүгедектігі бар адамдарға) 235,8 мың адамды қамти отырып, жалпы сомасы 2,7 млрд теңгеге біржолғы материалдық көмек көрсетілетін болады.

Жалпы, биыл жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт азаматтарды әлеуметтік қолдауға 12,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттерден – 11,8 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,6 млрд теңге), оның ішінде:

- азық-түлік жиынтығын ұсынуға – 229,4 млн теңге (26,5 мың адам);

- жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге – 2 млрд 318 млн теңге (62,2 мың адам);

- тіс протездеуге – 515,5 млн теңге (3,9 мың адам);

- санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға – 3 млрд 448 млн теңге (23,3 мың адам);

- тұрғын үйді жөндеуге – 31,4 млн теңге (189 адам);

- отынмен қамтамасыз етуге – 75,6 млн теңге (2,6 мың адам);

- жалпы пайдаланудағы көлікте жеңілдікпен жол жүруді ұсынуға – 5 млрд 179 млн теңге (409,9 мың адам);

- көмектің басқа түрлеріне – 638,4 млн теңге (81,5 мың адам).

Халықаралық қарттар күні 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясында жарияланған.

Оны өткізудің басты мақсаты – қариялардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне назар аудару, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігі, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.

 

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар