Қазақстан мен Израиль су саласында серіктестікті дамытуда
- авторjambylinfo.kz
- 27 қаңтар, 2025
- 89
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Израильдің Dan Capital инвестициялық компаниясының басқарма төрағасы Шимон Бен Хамомен кездесу барысында екі елдің су саласындағы ынтымақтастығын кеңейту жайын талқылады. Кездесу аясында гидротехникалық жобаларды бірге жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды, оның ішінде Израиль мамандары төрт су қоймасын қарап, жаңғырту бойынша өз ұсыныстарын жасады.
Тараптар Жамбыл облысындағы Ынтымақ су қоймасын жаңғырту мен көлемін ұлғайту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданындағы ирригациялық каналдарды жаңарту үшін су үнемдейтін технологияларды енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Израильдің инвесторлар қауымдастығы қазақстандық компаниялармен бірлесіп, жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып, сонымен қатар, Израильде «Қазсушар» компаниясы мамандары үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды ұсынды.
«Бұдан әрі талқылау бірлескен жұмыс тобы аясында жалғасады. Екі жақтың сарапшылары жобаның техникалық құрамдас бөлігін қарастырады. Сондай – ақ, жұмыс тобы біздің мамандардың біліктілігін арттыру курстарының бағыты мен тақырыбын анықтайды»,
- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз