Қазақстанда адвокаттардың жаңа мантиясы бекітілді
- авторСадуақас Айсұлу
- 16 сәуір, 2025
- 722
Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттық мантия мен оның сипаттамасын бекітті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл шешім «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңның 33-бабы 6-тармағына сәйкес қабылданған.
Адвокаттық мантия — заңгердің кәсіби мәртебесін білдіретін ерекше рәміз. Ол адвокаттың құқықтық қорғауға жататын тұлға екенін, және кәсіби қызметіне сыртқы ықпалдарға жол берілмейтінін көрсетеді.
Алайда мантия кию — міндет емес. Әрбір адвокат сотқа қатысқанда мантия кию немесе кимеу туралы шешімді өзі қабылдайды. Сонымен қатар, бұл киімді ресми іс-шараларда киюге де болады.
Мантия үлгісі кең талқылау арқылы таңдалған. 2024 жылы өткен адвокаттардың республикалық спартакиадасында алғашқы жобалар таныстырылып, 300-ге жуық адвокаттың қатысуымен анонимді сауалнама жүргізілді. Алдын ала талқылаудан кейін адвокаттар алқасы жалпыұлттық онлайн дауыс беру ұйымдастырды, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңнан аса адвокат атсалысты. Үш түрлі дизайнерлік үлгі ұсынылып, дауыс беру нәтижесі мен өңірлік ұсыныстар ескеріле отырып, нақты мантия бекітілді.
Бекітілген мантияның сипаттамасы:
Қара түсті, жағасы аспан көк — бұл Қазақстан туының түсіне үндес;
Жағасы мен сәндік элементтерінде «Қорғау» ұлттық өрнегі бейнеленген (OIU Qazaq Design жинағынан);
Ашық пішін (түймесіз және ілмексіз) — адвокаттың тәуелсіздігін білдіреді;
Симметриялы көк ленталар — теңдік пен әділеттіліктің белгісі.
Адвокаттар мантияны өз қалауы бойынша кез келген шеберханада тіктіре алады. Бастысы — бекітілген сипаттамаға сай болу керек.
Адвокаттарға арналған мантияның сипаттамасы мен кию тәртібі туралы толық ережемен advokatura.kz сайтынан танысуға болады.
Легионерлерді бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынды
Ұқсас жаңалықтар
Биыл ең көп турист барған курорттық аймақ белгілі болды
- авторСадуақас Айсұлу
- 14 желтоқсан, 2025






