Қазақстанда баспана жалдау құны: Он мыңдаған теңгеден миллиондарға дейін
- авторjambylinfo.kz
- 19 наурыз, 2025
- 297

Қазақстанда жалдамалы баспана бағасының өсу қарқыны жылдамдады, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өткен жылдың бірінші жартысында жылдық баға индексі біршама тұрақты болып, қымбаттау 4–5% деңгейінде сақталды. Алайда, күзден бастап Ұлттық статистика бюросының мамандары бағаның 7–8%-ға дейін өскенін тіркеді. Ал 2025 жылдың қаңтарында жайлы пәтерлер мен үйлерді жалдау бағасының индексі өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10%-ға жетті.
Қаңтар айында жайлы баспананың 1 шаршы метрін жалдау құны орта есеппен 4,5 мың теңгені құрады. Бұл дегеніміз, 50 шаршы метрлік стандартты екі бөлмелі пәтерді жалдау қазақстандық отбасыға ай сайын 226,7 мың теңгеге түседі. Ал 70 шаршы метрлік кеңірек пәтерді жалға алатындар үшін бұл сома 317,3 мың теңгеге дейін өседі. Айта кету керек, бұл сандарға коммуналдық қызметтер, интернет пен көлік тұрағының ақысы кірмейді.
Ең жоғары жалдау бағалары еліміздің ірі қалаларында тіркелген және олар жалпы республика бойынша орташа көрсеткішке айтарлықтай әсер етеді. Антирейтингтің көшін Алматы бастайды. Мұнда 2025 жылдың қаңтарында жалдау құны шаршы метріне 5,5 мың теңгені құрады. Жарнама платформаларындағы мәліметтерге сүйенсек, қаладағы баға алшақтығы өте үлкен: тозығы жеткен пәтерлер 50 мың теңгеден басталып, люкс санатындағы тұрғын үй кешендерінде үлкен апартаменттерді жалдау 3,3 млн теңгеге дейін барады. Астанада да жалға алу бағасы шарықтап тұр: бес бөлмелі жаңа жөндеуден өткен пәтердің айлық жалдау құны 6 млн теңгеге жеткен. Ал орташа жалдау бағасы 250–300 мың теңге шамасында.
Ең арзан жалдау бағасы Таразда тіркелді – 1 шаршы метрі 2,2 мың теңге. Одан кейінгі орындарда Түркістан, Ақтөбе және Павлодар тұр – бұл қалаларда шаршы метрі 2,6 мың теңге.
Астанада бағаның неге күрт өскені түсінікті
Соңғы бір жыл ішінде жалға алу бағасы ең көп қымбаттаған қала – Астана. Мұнда 2025 жылдың қаңтарында жалдау құны бір жыл ішінде 30,1%-ға артқан. Ал Атырауда баға өзгеріссіз қалды – 1 шаршы метрі бұрынғыдай 3,7 мың теңге деңгейінде.
Астанадағы жалдау құнының күрт өсуінің бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, бұл – халық санының қарқынды өсуі. 2024 жылы елорда тұрғындарының саны 6,9%-ға көбейіп, 1,5 млн адамнан асты. Бір жылдың ішінде қалаға 98,7 мың адам қосылған, оның тек 23%-ы – жаңа туған нәрестелер. Қалған 75,9 мың адам – басқа өңірлерден көшіп келгендер.
Халық саны артқан сайын тұрғын үйге сұраныс та өседі. Бұл сұранысты жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы ішінара қанағаттандырып келеді. 2024 жылы елордада 4,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,4%-ға көп. Дегенмен, жаңадан келгендердің барлығы бірдей баспана сатып ала алмайды. Кейбірі өз аймағындағы мүлкін сатып немесе ипотека арқылы үй алса, өзгелері жалдамалы пәтер іздеуге мәжбүр.
Астанада жалдау қымбат, бірақ кей өңірлерде одан да қиын
Астанада пәтер жалдау бағасы жоғары болғанымен, оны төлеу басқа аймақтарға қарағанда оңайырақ. Себебі мұнда жалақы деңгейі жоғары. Егер 50 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтерді жалдаушы отбасының табысын орташа жалақымен есептесек, астаналықтар өз табысының 42,5%-ын жалдау ақысына жұмсайды. Яғни, орташа 604,1 мың теңге жалақының 256,5 мың теңгесі жалға алушының қалтасына кетеді.
Ал кейбір шағын қалаларда пәтер жалдау құны төмен болғанымен, халықтың табысы да аз. Мысалы, Қонаев қаласында 50 шаршы метрлік пәтерді жалдау 186 мың теңге, бірақ мұндағы орташа жалақы – 308,3 мың теңге. Осылайша, жалдау ақысы табыстың 60,3%-ын құрайды, ал қалған ақша күнделікті шығындарға жетпеуі мүмкін.
Баспана жалдау айтарлықтай қиындық тудыратын қалалар қатарында Талдықорған (58,4%), Қарағанды (58%) және Шымкент (57,5%) бар. Ал жалдау құны ең аз жүк болатын өңірлер – Атырау (29%), Ақтау (28,7%) және Ақтөбе (35,6%).
Күзде мәжіліс депутаттары жалға беру нарығын реттеу және жалдау ақысына шекті баға белгілеу мәселесін көтерген еді. Бірақ бұл ұсыныс әзірге жүзеге аспай қалды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз