Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесі жүйелі түрде дамып келеді
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 14:52
- 56
Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең әрі қолжетімді білім беру жағдайларын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, мектепке дейінгі ұйымдар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында педагог-ассистент, ал жалпы білім беретін мектептерде жеке көмекші штаттық лауазымдары енгізілді. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент, 10 275 арнайы педагог және 130 жеке көмекші қызмет атқаруда.
Бүгінде елімізде 515 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, балаларды ерте жастан бастап мамандық алғанға дейін үздіксіз сүйемелдеуді көздейтін тұжырымдама бекітілді. Бұл оқытудың барлық кезеңдерінде қолдаудың сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды жеке сүйемелдеу жүйесі кеңейтілді. Қазіргі уақытта 129 балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілуде, ал бұған дейін үйде оқып келген 45 бала мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде инклюзивті оқытуға жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 92,5 пайызға, ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту деңгейі 87 пайызға жетті. Бұл Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесінің тұрақты әрі жоспарлы түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.
Сондай-ақ, биыл елімізде алғаш рет инклюзивті білім беру бойынша Дүниежүзілік конгресс өткізілді. Аталған халықаралық іс-шара инклюзивті практикаларды дамыту саласындағы маңызды алаңға айналып, педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті мәдениетті нығайтуға және барлық балалар үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық диалогтың жаңа кезеңін бастады.





