Қазақстанда робототехника өндірісін дамыту үшін AgiBot пен министрлік келісімге қол қойды
- авторjambylinfo.kz
- 3 ақпан, 2025
- 173

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Аталған ынтымақтастық аясында AgiBot компаниясы елімізде роботтар мен жасанды интеллект шешімдерін өндіру және енгізу үшін бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлауда.
2023 жылы құрылған AgiBot компаниясы адам тәрізді әмбебап роботтарды әзірлеп, өндіріп, жасанды интеллект пен робототехниканың түрлі салаларында дамуды мақсат етеді. 2024 жылдың желтоқсанында Шанхайдағы AgiBot зауытында шығарылған роботтардың саны 1000 бірліктен асып кетті.
Қазақстан роботтарды өндіру мен әзірлеуді жергілікті деңгейде жүзеге асыруды бастайтын алғашқы ел болып саналады. Агибот компаниясы Цифрлық даму министрлігімен бірге роботтар мен автоматтандырылған жүйелерді оқытуға арналған деректер фабрикасын ашуды жоспарлап отыр.
«AgiBot сияқты озық компаниямен серіктестік – робот жасау саласын дамыту тарихындағы маңызды кезең. Әсіресе, біздің әріптестігіміз Қазақстан аумағында роботтар өндірісін локализациялауды көздейтінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бізге машина жасау саласындағы ең перспективалы бағыттардың бірінде кәсіпорын ашумен қатар, сараптамалық тәжірибені арттыруға және робототехника саласындағы отандық құзыреттілік орталығын құруға мүмкіндік береді», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Жобаны қаржыландыруға ewpartners және «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ жеке инвестициялық қоры атсалысады.
Жақын уақытта Alem AI халықаралық орталығында AgiBot роботтарының көрмесі мен бірлескен ғылыми зерттеу орталығы ашылмақ. Сонымен қатар, компания отандық университеттермен серіктесіп, ғылыми жобалар әзірлеу мен студенттерді робот құрастыру бойынша оқытуды жоспарлап отыр.
Бақытжан Бекболат
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз